Су тасқынына жиналған 1,5 млрд теңгені ұрлады деген күдікпен танымал блогер Перизат Қайрат ұсталды, деп хабарлайды Qazaqpress
«ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді»,- деп хабарлайды бейсенбі күні агенттіктің тілшісі.
Ақпаратқа сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгелік елорданың премиум санаттағы Akbulak Riviera, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлау ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ Vela Village коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды. Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған. Бұл елдерде ол Cartier және Louis Vuitton сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталар жалдаған»,- делінген хабарламада.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8 пайыз сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
«Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған. Күдікті ұсталды. Перизат Қайраттың алаяқтығынан құрбан болған азаматтарды +7 (7172) 70-33-89 (қосымша 21384) телефон нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз», — деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Фото: Bizmedia.kz
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз