Қалқанша безі ағзада маңызды рөл атқарады. Ол зат алмасуды реттейді, энергия деңгейін бақылайды және көптеген өмірлік маңызды функцияға жауап береді.
Дегенмен кез келген басқа жүйе сияқты, ол сіздің жалпы денсаулығыңызға теріс әсер ететін түрлі ауруға бейім болуы мүмкін.
Алматы №36 қалалық емхананың эндокринолог дәрігері Жаклин Ермұратованың айтуынша, қалқанша безіндегі ақау көбіне біртіндеп пайда болады және алғашқы кезде өзгеріс байқалмауы мүмкін. Қалқанша безі ауруының басталуын көрсететін бірқатар белгілер бар.
«Қалқанша безі ауруларының алғашқы белгілерінің бірі — кенеттен себепсіз салмақ жоғалту. Бұл әсіресе гипертиреозға қатысты, мұндай жағдайда без тым көп гормон шығарады, метаболизмді тездетеді және салмақ жоғалтуды тудырады. Гипертиреоз жүрек соғу жиілігінің жоғарылауына және қан қысымының жоғарылауына да әкелуі мүмкін. Бұл бақылауға алынбаған жағдайда жүрекке ауыр зардап әкелуі мүмкін», — дейді эндокринолог.
Сондай-ақ гипертиреозға тән белгінің бірі — ыстыққа сезімталдықтың жоғарылауы.
Іші салқын бөлме немесе суық мезгілде адам ыстық сезініп, қатты терлеуі мүмкін. Бұл организмдегі алмасу процесінің жеделдеуіне байланысты болады.
Бұлшықет әлсіздігі мен шаршау — қалқанша безі ауруларының тағы бір жиі кездесетін симптомы. Гипертиреозбен ауыратын адамдар бұлшықет ауырсынуын сезінуі мүмкін және тіпті шамалы физикалық белсенділіктен кейін бірден шаршайды.
Қалқанша безі гормондары жүйке жүйесінің жұмысымен тығыз байланысты. Гипертиреоз сияқты қалқанша безі проблемасы тітіркенуді, жүйкені және тіпті депрессияны тудыруы мүмкін. Гормон деңгейінің жоғарылауына байланысты жүйке жүйесі қозғыш болады.
Құрғақ ауыз және қалыпты емес ішек қозғалысы да қалқанша безі проблемаларын көрсетуі мүмкін.
Ұйықтау не түнде жиі ояну қиынға соғатынын байқасаңыз, бұл қалқанша безінің ақауына байланысты болуы мүмкін. Гормондардың шамадан тыс мөлшері ұйқысыздық пен ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін.
Егер сіз жоғарыда аталған белгілердің бірнешеуін байқасаңыз, қандағы қалқанша безі гормондарының деңгейін анықтау үшін сынақтар тағайындайтын дәрігерге баруды кейінге қалдырмау керек, сондай-ақ органның жағдайын бағалау үшін ультрадыбыстық зерттеуден өткен жөн, — деп түйіндеді Жаклин Ермұратова.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз