Қазақстанда балалардың күрделі көз ауруларын емдеу әдістері белсенді түрде жетілдіріліп келеді.
Алматы Балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығының көз микрохирургиясы бөлімшесі күрделі витреоретиналды патологияларға ота жасай бастайды. Орталық «Constellation Vision» заманауи лазерлік хирургиялық жүйені алды. Бұл жобаны «AYALA» қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырды.
Витреоретиналды хирургия жоғары технологияны қажет ететін көз торының және шыны тәрізді дененің ауыр ауруларына арналған оталарды қамтиды. Бұл бағыт бүкіл әлемде белсенді дамып келеді.
«Бұған дейін мұндай патологиясы бар балалар квота бойынша шетелге жіберілетін. Енді олар қажетті көмекті осында, Алматыда ала алады. Соңғы жылдары Қазақстанда балаларда көз торы мен шыны тәрізді дененің патологиялары көбейіп келеді. Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының көз микрохирургиясы бөлімшесінде біздің кішкентай пациенттер шала туған нәрестелер ретинопатиясы, отбасылық экссудативті витреоретинопатия, Коатс ретиниті сияқты басқа да ауыр көз ауруларын емдеуге арналған оталарды жасата алады. Бұл балалардың денсаулығы мен дамуына оң әсерін тигізеді, ал мұндай озық әдістерді енгізу өскелең ұрпақтың болашағына маңызды үлес болары сөзсіз», — деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Назгүл Иманғалиева.
Екі айға толған және одан үлкен балаларға отаны Делиде балалар витреоретиналды хирургиясының танымал маманы, профессор Нихил Пал оқытқан офтальмолог-хирургтар жасайтын болады.
«Гаджеттердің кеңінен қолданылуын ескере отырып, көру патологиясы проблемалары барған сайын өзекті болып келеді. Сол себепті көруді лазерлік түзету балалар офтальмологиясының маңызды міндеті болып табылады. Демеушілер — «Шеврон» корпорациясы мен «AYALA» қорының қолдауының арқасында мамандарға көмектесетін жоғары технологиялық жабдық алдық. Бұрын мұндай ота жасату үшін қазақстандық балалар шетелге шығатын. Біздің Орталық базасында лазерлік микрохирургияны енгізу емделуге қолжетімдікті жақсартып, мамандарымыздың кәсіби деңгейін арттырып, Орталық Азия мен ТМД елдері арасында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Орталық директоры Әлібек Смағұлов.
«Осы жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 57 қазақстандық бала витреоретиналды ота жасау үшін шетелге шығуға мәжбүр болды. Жаңа құрал-жабдықтың арқасында ата-аналар бұдан былай шетелде ота жасау үшін қаражат іздемейтін болады. Біз Қазақстандағы балалар офтальмологиясының дамуына үлес қосқанымызға қуаныштымыз және қолдау көрсеткені үшін «Шеврон» компаниясына алғыс білдіреміз», — деп қосты «AYALA» қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Constellation Vision офтальмологиялық жүйесі көздің алдыңғы және артқы сегменттерінде шыны тәрізді денені кесу, көз жанарын эмульсификациялау, диатермия және басқа процедураларды қоса алғанда, витреоретиналды және лазерлік оталарды жасауға мүмкіндік береді.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз