Қазақстанда жатыр мойны обырына шалдығуды азайтуға бағытталған 11 жастағы қыздарды АПВ-ге қарсы вакциналау науқаны басталды.
№36 қалалық емхананың дәрігер-гинекологы Райхан Қалиеваның айтуынша, соңғы жылдары алаңдатарлық тенденция байқалады — бұрын егде жастағы әйелдерге тән жатыр мойны обыры, қазір 20-30 жас аралығындағы жас әйелдерде жиі кездеседі.
Бұл өзгеріс мамандарды қатты алаңдатады, өйткені жас пациенттерде ауру жиі агрессивтірек өтіп, күрделі емдеу тәсілдерін қажет етеді.
Бүгінде жатыр мойны обыры әйелдер арасында жиі кездесетін екінші қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын бұл аурудың 2000-нан астам жаңа жағдайы тіркеледі.
Бір ғана Алматының өзінде 2023 жылы бұл дерттің 223 жаңа жағдайы анықталған.
«Аурудың зұлымдығы оның бастапқы кезеңде жиі еш белгісіз өтуінде. Оны анықтаудың жалғыз жолы — жүйелі тексерулер мен арнайы сынақтар. Жыныстық жолмен берілетін адам папилломавирусы (АПВ) жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылады», — дейді маман.
Дәрігер жатыр мойны обыры толық алдын алуға болатын жалғыз ісік екенін түсіндіреді.
АПВ вакцинасы қазірдің өзінде 100-ден астам елде ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген. Дамыған елдерде оның үстіне вирустың таралуына жол бермеу және онымен байланысты аурулардан қорғану үшін ұл балалар да вакциналанады.
Вакцинаны қолданудың 17 жылдық тәжірибесі оның ұрпақты болуда қауіпсіз екенін көрсетті. Жасөспірім кезінде егілген көптеген әйел қазір босанып жатыр, бұл препараттың қауіпсіздігін растайды. Вакцина тек жатыр мойны обырын тудыратын АПВ түрінен ғана емес, сонымен қатар қатерлі ісіктің басқа түрін тудыратын вирустан — қынап, сарпай, айналшық және ауыз жұтқыншақ ісігі, сондай-ақ жыныс мүшелерінің кондиломасынан қорғайды.
«Ерте анықтау және вакциналау — жатыр мойны обырын жеңудің кілті. Бүгінде біздің әрқайсымыздың алдында болашақ ұрпақтың денсаулығы мен профилактикасы пайдасына саналы таңдау жасау міндеті тұр», — деп түйіндеді Райхан Қалиева.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз