Денсаулық сақтау саласында 34 жыл бойы науқастардың жанын ажалдан арашалап, ауыр халде жатқан талай адамның өмірін сақтап, үмітін үкілеген кәсіби дәрігер Рауия Мәміленова Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында терапевт дәрігер қызметін атқарады.
Дәрігердің біліктілігінің нәтижесінде шипа қонып, клиникалық өлімді жеңген науқастар денсаулық сақшысының еңбегін ұмытпайды. Рауия Мәміленова өзінің жұмыс барысындағы оқиғаларды айтқанда дауысы жарқын естіліп, жанарынан ерекше кәсібіне деген қызығушылық, жұмысына деген сүйіспеншілік айқын байқалады. Ол жедел жәрдем станциясында да он бес жыл тер төккенін айтады. Жедел медициналық көмек көрсету, тез арада шешім қабылдау кәсіби тұрғыда дамуға, білімін тәжірибемен ұштастырып шыңдауға септігін тигізген , қызығы мен шыжығы астасып жатқан ең үлкен мектеп дейді дәрігер. Түнде бір тұрғын шақырып, спиртті сусынға сылқия тойған науқастың пышақ кезеп, дәрігерлерді үйінде бір жарым сағат қамап, сұрақты жаудырған түн терапевтің есінде.
-2000 жылдың басы еді.Түнгі сағат бірде науқас жедел жәрдем қызметін қайта шақырыпты. Жас жігіт. 38 жаста. Ішімдік ішкен деген барлық ақпаратты алып, науқастың үйіне аттандық. Жылдам барыңыздар деп ескертуден кейін құстай ұштық. Біз іздеген пәтер бесінші қабатта екен. Көршілерін оятып, есікті ашып, үйге кірдік. Ол жалаңаш жүр . Іш киімін кигенде науқас есікті кілттеп тастаған екен. Асханаға барып, бір стакан коньяк ішіп, үлкен пышақты алып, мен дірілдеп жатырмын дейді. Отырыңыз дедім. Ол жерде Сталин тұр дейді. Сөйтіп пышақты кезеп, Жуков кім, тегі, әкесінің атын сұрады. Сосын мына қолды көрдің бе дейді. Бірінші ғарышкер кім? Гагарин деп жауап беремін. Аты кім , тұңғыш ғарышкер ұстаған қол деп мақтанды. Сөйтіп тұңғыш денсаулық сақтау министрі кім, революция қашан басталды, Ленин кім, қандай дәрі-дәрмек қайда жасалды деп, қысқасы бір жарым сағат пациенттің сұрақтарына жауап бердім, әр сұрақты қойып, пышақтың жүзін кезейді,- деп күледі дәрігер.
Өз үйінде жедел жәрдем қызметкерлерін қамап, тест жүргізген азамат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицерімін деп таныстырады.Сұрақтарына қатесіз жауап бергені үшін бір мәрте қоңырау шалуға дәрігерге рұқсат береді. Рауия Геройқызы полиция шақырып, есінен адасқан офицердің үйінен дәрігерлер аман-есен шығады. Кәсіби маман медицина саласын таңдаған адамдар ешнәрседен жиіркенбейтін, түрлі оқыс жағдайларда адам жанын арашалап қалу басты мақсаты екенін ұмытпау керек және мамандықты адаспай таңдап, кәсібін шын сүйген адамдар ғана өз жұмысынан ләззат алады дейді білікті маман.
-Мен Өскемен қаласында тудым . Педиатр мамандығын таңдадым. Бірақ туыстарым журналистикаға, театр институтына бар деп үгіттеген. Себебі, мен әзілкеш едім. «Тамашада» ойнайсың» деп туыстарым да басқа мамандыққа баруға кеңес берді. . Анам дәрігер . Медициналық мамандықты шын жүрекпен қаладым , емдеу бөліміне оқуға түстім. Жұмыс істегенде, оқу кезінде көп қиналдым. Себебі, медицина саласының маманының міндеті үздіксіз оқу , білімін жетілдіру . Екі перзентті өмірге әкелдім. Он бес жыл жедел-жәрдем станциясында еңбек еттім. Ең қиыны жедел көмек беруге аттанғанда құтқара алмай қаламын, үлгермей қалмайық деген үрей билейтін . Өйткені кейбір дерттерден пациентті құтқарып қалу үшін біліктілік пен уақыт та маңызды. Ал науқасты ажалдан арашалап қалғанда , ол айығып , алғыс айтқанда бұл сезімді ешнәрсемен салыстыру мүмкін емес,-дейді дәрігер.
Кәсіби мереке қарсаңында Рауия Мәміленова «Еңбек қайраткері» медалімен марапатталды. Отыз жылдан аса жанкештілікпен еңбек етіп, талай науқасты діңкелеткен дерттің бетін қайтарып, бүгін сол игіліктің нәтижесіндей құшағы да гүлге толды.
— Дәрігерлер науқастар ашуланып келгенде ерегіспеу керек. Кейде түймедей мәселе түйедей дауға айналып жатады. Тағы бір оқиға естен кетпейді. Бір әйел үйінде босанып жатыр деген ақпарат түсті. Мағлұматты алып, шақырған үйге жол тарттық. Келіншек төсекте толғатып жатыр. Келесі бөлмеде күйеуі дастарханды асқа толтырып, тойлап жатыр. Қазір үйде босанады деп мәз болып отыр. 4- перзенті дүниеге келмек. Шұғыл ананың қажет заттарын жинап, перзентханаға үлгердік,- дейді Рауия .
Бірнеше жылдан бері психикалық ауруға шалдыққан науқастар терапевтің тұрақты емделушілері. Дәрігердің айтуынша ақыл-есі кем адамдардың іш құрылысы, басқа да кеселдері асқынып келеді дейді. Қай жері ауырып тұрғанын түсіндірмейтін, айтпайтын науқастарға медициналық тексеру кезінде денсаулығындағы ақауды анықтап, оны емдеуге мамандар мән берсе екен деп ескертеді Рауия Мәміленова. Өз кәсібіне адал, ауруға шалдыққан әр науқастың жүрегіне жол тауып, кеселінен айықтырып, оның алғысын есту дәрігер үшін ең үлкен марапат дейді майталман маман.
Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының баспасөз қызметі.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз