Қазатомөнеркәсіп бағалы қағаздарының өсімі қайта жанданды

Қазатомөнеркәсіп бағалы қағаздарының өсімі қайта жанданды
Фото: atomic-energy.ru

Қазатомөнеркәсіп компаниясының жаһандық депозитарлық қолхаттары (ЖДҚ) Лондон қор биржасында кешегі төмендеуден кейін оң динамика көрсетіп отыр. 26 қарашадағы сауда-саттық барысында бағалы қағаздардың құны 6,63%-ға өсті.

Нарықтағы құбылмалылықтың жоғары болуына қарамастан, компанияның алдағы даму перспективаларын бағалау кезінде тек жаңалықтар ағынын ғана емес, оның әлемдік нарықтағы орнын және бизнесінің негізгі қаржылық-экономикалық көрсеткіштерін де ескеру маңызды.

Қазатомөнеркәсіп әлемдегі ең ірі уран өндіруші мәртебесін сақтап отыр. Компания әлемдік бастапқы уран өндіру көлемінің шамамен 20%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар компания ауқымды ресурстық базаға ие, ал оның бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және Astana International Exchange биржасында саудаланады.

Компанияның операциялық нәтижелері оң динамиканы көрсетуде. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі 100% негізде 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артып, 20,5 мың тоннаны құрады. Топтың сату көлемі де 10%-ға өсіп, 14 мың тоннадан асты, ал уранды өткізудің орташа бағасы 17%-ға жоғарылады.

Иллюстрация — Қазатомөнеркәсіп бағалы қағаздарының өсімі қайта жанданды

Бұдан бөлек, компания 25 қарашадағы ресми мәлімдемесінде 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдарын растады. Сондай-ақ, кәсіпорындардың штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын және даму стратегиясының өзгеріссіз қалғанын хабарлады.

Қазатомөнеркәсіптің ұзақ мерзімді перспективаларына әлемдік нарықтағы ахуал да оң әсер етеді. Атом энергетикасының кеңеюі, электр энергиясының тұрақты көздеріне деген сұраныстың артуы және уран өндіру көлемін қысқа мерзімде ұлғайту мүмкіндіктерінің шектеулілігі өндірушілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруда.

Әрине, корпоративтік басқаруға қатысты жаңалықтар инвесторлардың тәуекелдерді қабылдауына әсер етуі мүмкін. Дегенмен, акциялар бағамының қазіргі динамикасы нарықтың бастапқы теріс реакциясы ішінара түзетілгенін көрсетеді.

Қазатомөнеркәсіп бизнесінің ауқымы, оның бәсекелестік артықшылықтары және саланың ұзақ мерзімді даму үрдістері нарықтағы ықтимал қысқа мерзімді ауытқуларға қарамастан, бағалы қағаздар құнының одан әрі қалпына келуіне қолдау көрсете алатын негізгі факторлар болып қала береді.