---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2026/11/25/astanada-taeuelsizdik-kuenine-oraj-100-den-astam-is-shara-oetedi/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Астанада Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді

![Астанада Тәуелсіздік күніне орай 100-ден астам іс-шара өтеді](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/11/glav-6.jpeg)

Астанада ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың бір бөлігі өтіп те үлгерді, бірқатары қазір іске асып жатыр. Ал негізгі мерекелік іс-шаралар желтоқсан айына жоспарланған. Бағдарламаға еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін дәріптеуге, ұлттық бірлікті нығайтуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған мәдени, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар енгізілген, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған мерекелік бағдарламаның бір бағыты – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға және қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа нысандарды ашу. Мәселен, 16 желтоқсанға дейін Астанада 11 жаңа модульдік және учаскелік полиция пунктін ашу жоспарланып отыр. Олар елорданың алты ауданында орналасады.

Алматы ауданында жаңа модульдік полиция пункті Тәуелсіздік пен Бауыржан Момышұлы даңғылдарының қиылысына жақын тұста орналасады. Байқоңыр ауданында А. Иманов көшесі, 42 мекенжайында №25 учаскелік полиция пункті ашылады. Есіл ауданында бірден үш жаңа пункт жұмысын бастайды. Олар «Бағыстан», Apple City және «Куршавель» тұрғын үй кешендерінде орналасады. Тағы екі пункт Нұра ауданындағы Қазыбек би көшесі, 19/1 мекенжайында ашылады. Сарайшық ауданында екі полиция пунктін, ал Сарыарқа ауданында Жеңіс даңғылы, 3 мекенжайында тағы екі пункт ашу көзделіп отыр. Бұл жұмыс қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруды жалғастырады.

Тәуелсіздік мерейтойына орай өтетін тағы бір іс-шара ұлттық мәдени мұраны насихаттауға арналған. 15 желтоқсанда Күйшілер аллеясында, Дина Нұрпейісова ескерткішінің маңында дәстүрлі қазақ әндерін орындаушыларға арналған естелік тақта ашылады.

Мерекелік бағдарламаның 60-қа жуық іс-шарасы мәдениетке, білімге, тарихқа және Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналған. Оларға шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер, студенттер, оқушылар мен елорда тұрғындары қатысады.

Алғашқы ірі іс-шаралардың бірі – 4 желтоқсанда сағат 17:00-де елордалық Достық үйінде өтетін Ethno Vision фестивалі. Онда Астанадағы этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін көрсетеді. Фестиваль Қазақстандағы түрлі этностардың мәдениеті мен дәстүрінен хабардар болуға мүмкіндік береді.

14 желтоқсанда Президент орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған конференция өтеді.

Мерекелік бағдарламада Тәуелсіздік жылдарымен тығыз байланысты Астананың тарихына да ерекше орын берілген.  
10 желтоқсанда, яғни елорданы көшіру күні Tarlan Astana станциясында «Төрдегі төл тарих» көрмесі ашылады. Көрмеге келушілер қазіргі Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі – елорданы көшіру оқиғасымен таныса алады.

Тәуелсіздік жылдарында Астананың қалай өзгергенін 14-15 желтоқсанда Сервис және туризм колледжінде өтетін фотокөрмеден де көруге болады. Экспозицияда осы кезеңде қалада бой көтерген ескерткіштер тарихы мен олардың фотосуреттері ұсынылады.

Елорда театрлары мен концерттік алаңдары да мерекеге орай арнайы бағдарлама әзірледі.

11-12 желтоқсанда «Астана Балет» театры «Қыз Жібек» балетінің премьерасын өткізеді.

12 желтоқсанда сағат 17:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Жан серігім домбыра» концерті өтеді. Көрермен алдында «Сарыарқа» халық музыка ансамблі мен дәстүрлі ән орындаушылары өнер көрсетеді.

Сол күні сағат 18:00-де Qazaqconcert сахнасында Ұлы даланың тарихи мен музыкалық мұрасына арналған «Алтын Орданың музыкасы» атты мерекелік концерт басталады.

14 желтоқсанда «Алатау» спорт сарайында елорданың жас буын өкілдерін біріктіретін «Тәуелсіз елдің ұрпағымыз!» жастар фестивалі өтеді.

Осы күні Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 35 жыл: жаңа белес – жарқын болашақ» атты мерекелік концерт өтеді.

15 желтоқсанда М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Абай: ғасырлар даналығының шыңы» атты музыкалық-поэтикалық композицияның премьерасын ұсынады. Қойылымға қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылының шығармалары арқау болған.

«НАЗ» мемлекеттік би театры «Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл» хореографиялық спектакль-концертін әзірледі. Ал елордалық филармония сахнасында «Шаншар» театры мерекелік бағдарламамен өнер көрсетеді.

Әзіл мен жастар шығармашылығын сүйіп тамашалайтындар үшін осы күні сағат 20:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін Jaidarman TOP жобасының финалдық ойыны өтеді.

Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанда елорданың театрлары, музейлері мен концерт алаңдары қала тұрғындары мен қонақтарына арнап мерекелік бағдарлама ұсынады. Көрермен назарына ұлт қаһармандарына, мәдениет қайраткерлері мен қазақ өнерінің көрнекті туындыларына арналған қойылымдар ұсынылады.

Сағат 12:00-де Қуыршақ театры бүлдіршіндерге арнап «Алдар көсемен таныссың ба?» ертегісін ұсынады. Қойылым арқылы бүлдіршіндер қазақ фольклорындағы тапқырлығымен танылған Алдар көсенің қызықты оқиғаларына куә болады.

Сағат 17:00-де Astana Opera театрында «Тәуелсіздік толғауы» атты мерекелік концерт өтеді.

Сағат 18:00-де Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры аты аңызға айналған қазақ балуанына арналған «Қажымұқан» спектаклін ұсынады.

Сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші» мюзиклі көрсетіледі.

Тағы бір маңызды мәдени іс-шара – Ұлттық музейде «Алтын Орда» көрмесінің ашылуы.

Елордадағы балалар кітапханалары мен мектепке дейінгі мекемелерде «Тәуелсіздік – бала көзімен» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылады. Олар өз суреттерінде туған өлкенің әсемдігін, мемлекеттік рәміздерді, ұлттық дәстүрлерді, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен бірлігін бейнелейді.

Байқоңыр ауданының Ардагерлер кеңесінде «Ұрпақтар сабақтастығы» атты тақырыптық кездесу өтеді.

Мәдени іс-шаралар легі 16 желтоқсанмен аяқталмайды. 18 желтоқсанда елордалық филармония «Ән шашу» концертін ұсынады. Кеш барысында ұлттық музыкалық мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың танымал шығармалары орындалады.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығын мерекелеу аясында балалар мен жастарға да айрықша назар аударылады. Білім беру бағытындағы іс-шаралар тарихи оқиғаларды зерделеумен шектелмейді. Бағдарламаға өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, ғылым мен заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ кәсіби тұрғыда өзін танытуына мүмкіндік беретін бастамалар енгізілген.

Мәселен, Балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану орталығы оқушылар арасында «Отан жолымен» зерттеу жобалары байқауын өткізіп жатыр. Байқауға қатысушылар туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасына арналған зерттеу жұмыстарын ұсына алады.

№38 мектеп-лицейінде еңбекқорлықты, кәсіби шеберлікті және еңбек адамдарына құрметті дәріптейтін «35 шебер керуені» көрмесі ұйымдастырылады.

3 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Ұлы даланың жеті қыры» атты балалар суретінің байқауы өтеді. Ал 8-14 желтоқсан аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филиалы студенттер арасында «Менің Тәуелсіз Қазақстаным» шығармашылық байқауын өткізеді.

10 желтоқсанда STUDENT UNITY жобасы аясында студенттік клубтар арасында пікірсайыс өтеді. Мұндай формат жастарға өзара пікір алмасуға, өз көзқарасын дәлелді түрде қорғауға және сындарлы диалог жүргізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

15 желтоқсанда «Білім парк» филиалында ROBOARENA робототехникадан қалалық жарысы өтеді. Қатысушылар инженерлік дағдыларын, заманауи технологиялар саласындағы білімін және практикалық міндеттерді шешу қабілетін көрсетеді.

Елордалық кітапханаларда да еліміздің тарихына, ұлттық әдебиетке және Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған арнайы тақырыптағы әдеби кештер, көрмелер мен кездесулер ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, Сәкен Сейфуллин музейінде, «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде және Өнер музейінде «Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық белесінде» атты музей марафоны басталады.

Мерекелік бағдарламаның 30-дан астам іс-шарасы спорт, әлеуметтік және экологиялық бағыттарға арналған. Спорт жарыстары кәсіби спортшыларға да, әртүрлі жастағы белсенді өмір салтын ұстанатын әуесқойларға да арналған.

8-12 желтоқсан аралығында «Аспан» спорт кешенінде жастар, кадеттер мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен республикалық турнир өтеді. Спортшылар бірнеше дисциплина бойынша бақ сынайды.

12 желтоқсанда «Сарыарқа» велотрегінде триатлоннан қалалық турнир, ал «Толқын» спорт кешенінде жалпы дене дайындығынан елорда чемпионаты өтеді.

Сол күні шығармашылық зиялы қауым өкілдері – жазушылар мен журналистер арасында бильярдтан ерекше турнир ұйымдастырылады.

15 желтоқсанда Паралимпиадалық жаттығу орталығында таеквондодан ашық чемпионат өтеді.

Мерекеге орай «Елорда» клубының спорттық жыл қорытындысы да жарияланады. Салтанатты рәсімде 2026 жылы елеулі нәтижелерге қол жеткізген спортшылар марапатталады.

Тәуелсіздік күні спорт іс-шаралары қаланың ашық кеңістіктерінде де өтеді. Мәселен, 16 желтоқсанда EXPO аумағындағы мұз айдынында жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінен келген балалар арасында «Көңілді старттар» ұйымдастырылады.

«Барыс» спорт кешенінде U13 және U16 жас санаттары бойынша командалар арасында шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты өтеді.

16-19 желтоқсан аралығында «Барыс Арена» мұз сарайында Astana Open ашық турнирі өтеді. Ал 18-20 желтоқсан аралығында Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған жеңіл атлетикадан Астана ашық чемпионаты ұйымдастырылады.

Елорда тұрғындары Тәуелсіздік мерейтойына арналған мерекелік іс-шараларға қалалық алаңдарда ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да қатыса алады.

1 желтоқсаннан бастап мерекелік ақпараттық науқан аясында «Менің Қазақстаным» онлайн-челленджін іске қосу жоспарланған. Қатысушылар туған елге арналған видеоқұттықтаулар жариялап, патриоттық өлеңдер оқып, шығармашылық жұмыстарын көрсете алады.

Тағы бір бастама – «35 жылдан кейін» фотобайқауы. Жоба аясында қазақстандықтарға жеке және отбасылық мұрағаттарын ақтарып, 1991 жылы түсірілген фотосуреттерін тауып, оларды бүгінгі суреттерімен салыстырады.

Байқауға өзі өскен көшелердің, білім алған оқу орындарының, еңбек ұжымдарының, отбасылық сәттер мен кәсіби жетістіктердің фотосуреттерін ұсынуға болады. Осындай естеліктер арқылы соңғы 35 жылда қалалардың қалай өзгергенін, өскелең ұрпақтың қалай өсіп-жетілгенін, білім алуға, еңбек етуге және кәсіби дамуға қандай жаңа мүмкіндіктер ашылғанын көруге болады.

Сондай-ақ елордада «Тәуелсіздік куәгері» онлайн-челленджін іске қосу жоспарланған. Оған Қазақстанның тәуелсіздік алған күнін өз көзімен көріп, сол тарихи сәтті әлі күнге дейін жадында сақтаған тұрғындар қатыса алады. Олар 1991 жылғы 16 желтоқсанда қайда болғанын, тарихи жаңалықты қалай естігенін және содан бері өмірлерінде қандай өзгерістер болғанын әңгімелейді.

Сонымен қатар 16 желтоқсанда Есіл өзенінің жағалауында қала тұрғындары арасында «Тәуелсіздіктің 35 жылы: Қазақстанның жетістіктері, бірлігі мен болашағы» тақырыбында блиц-сауалнама өткізіледі.

Мерейтойлық бағдарлама мәдени және спорттық іс-шаралармен ғана шектелмейді. Оның аясында қоғамдық ынтымақтастықты, өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейтін бастамалар да жүзеге асырылады.

Желтоқсан айында елордалық волонтерлер мен белсенді жастар дәстүрлі «Қамқорлық мекенжайлары» акциясына қатысады. Олар жалғыз тұратын қарттардың үйлеріне барып, аулаларының қарын күреп, ауласын ретке келтіруге және күнделікті тұрмыстық жұмыстарға көмектеседі.

Елорданың әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында мерекелік концерттер, шығармашылық кездесулер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мәселен, 15 желтоқсанда «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қатысуымен «Тәуелсіздік – тірегіміз» атты концерт өтеді.

«Жанұя» орталығы театрландырылған қойылым, патриоттық әндер мен өлеңдер орындалатын мерекелік бағдарлама әзірлеп отыр. Ал «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Тәуелсіздік белестері» атты әдеби куест ұйымдастырылады.

Елордада «35 игі іс» ортақ ұранымен экологиялық бастамалар да жалғасады. Жыл бойы осы бағытта ағаш отырғызу, абаттандыру және қала аумағын санитарлық тазарту акциялары өткізіліп келеді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар Астананың барлық ауданында ұйымдастырылып, түрлі буын өкілдері мен әртүрлі сала мамандарын ортақ мерекеге біріктіреді.

Айтулы күнге орай елорда көшелеріне мемлекеттік тулар ілініп, шағын сәулет нысандары мен тақырыптық баннерлер орнатылды. Мерекелік безендіру ғимараттардың қасбеттерінен, қалалық 3D LED-экраннан және алып шолу дөңгелегінен де көрініс тапты. Қала көркін мерекеге сай безендіруге сауда-ойын-сауық орталықтары да үлес қосып, олардың LED-экрандарынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған бейнероликтер көрсетіліп жатыр.

---

Жарияланды: 2026-11-25T10:12:24+06:00

Жаңартылды: 2026-11-25T10:12:25+06:00

Авторлар: [Анатолий Пак](https://qazaqpress.kz/author/anatolij-pak/)

Айдарлар: [Категориясыз](https://qazaqpress.kz/category/kategoriyasyz/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2026/11/25/astanada-taeuelsizdik-kuenine-oraj-100-den-astam-is-shara-oetedi/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.