---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2026/11/20/almatygha-degen-suejispenshilikpen-jerry-qalany-zhanga-qyrynan-tanytady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Алматыға деген сүйіспеншілікпен: Jerry қаланы жаңа қырынан танытады

![Алматыға деген сүйіспеншілікпен: Jerry қаланы жаңа қырынан танытады](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/11/glav-5.jpeg)

Алматыда туристік жолсілтемелерге ене бермейтін қызықты мекендер көп. Ескі көшелер, сүйікті кофеханалар, шағын дүкендер, мәдени орындар мен күн сайын жанынан өтіп жүрсек те, тарихын біле бермейтін ғимараттар - осының бәрі қаланың өзіндік келбетін қалыптастырады. Енді таныс мекендердің жаңа қырын ашуға Алматы көшелерінде пайда болған Jerry интерактивті көмекшісі көмектеседі.

Jerry - қазақстандық CITIX технологиялық компаниясы мен Visit Almaty бірлесіп жүзеге асырған жоба. Ол қала бойынша жолсілтемені, навигацияны, іс-шаралар афишасын және күнделікті қажет болатын қызметтерді бір құрылғыда ұсынады. Тұрғындар мен туристер серуен кезінде қызықты орындарды тауып, бағыт таңдап, Алматы туралы жаңа мәліметтер ала алады.

Жобада қаланың тарихына, мәдениетіне және алматылықтар жақсы көретін орындарға ерекше көңіл бөлінген.

Jerry-дің қызықты мүмкіндіктерінің бірі - жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін фотобудка. Мұнда ретро үлгісіндегі фотосурет жасап, дайын суретті телефонға жіберуге болады. Қала қонақтары үшін бұл Алматыдан естелік алып кетудің ерекше жолы болса, алматылықтар үшін сүйікті қаламен байланысты ерекше естелік сақтаудың жолы.

Қаланың өткеніне үңілуге CITIX пен Qalam бірлесіп дайындаған «Алматы бұрын және қазір» жобасы да мүмкіндік береді. Орталық мемлекеттік архивтің тарихи фотосуреттері сол көшелер мен ғимараттардың қазіргі көріністерімен салыстырылған. Осылайша серуен кезінде таныс мекеннің бірнеше онжылдық бұрын қандай болғанын көріп, қаланың қалай өзгергенін байқауға болады.

[![Иллюстрация — Алматыға деген сүйіспеншілікпен: Jerry қаланы жаңа қырынан танытады](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/11/foto-2-1-682x1024.jpeg)](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/11/foto-2-1.jpeg)

Jerry Алматының бүгінгі тыныс-тіршілігін де таныстырады. Мұнда қаланың сәулеті мен гастрономиясына, тарихи аудандарға, жергілікті брендтер мен мәдени орындарға арналған серуен бағыттары және тақырыптық топтамалар жинақталған. Қала тұрғындары мен қонақтары кеңестік модернизм сәулетімен танысып, ұлттық тағамдар ұсынатын мейрамханаларды немесе қазақстандық дизайнерлердің дүкендерін таба алады.

Қалалық афиша арқылы концерттер, спектакльдер, көрмелер мен фестивальдер туралы білуге болады. Ал жақын маңдағы орындарды іздеу қызметі кофеханаларды, музейлерді, дәріханаларды, дүкендер мен басқа да нысандарды көрсетеді. Әр смартборд орналасқан жеріне қарай ұсыныстар беріп, сол нүктеден бағыт құрады. Таңдалған маршрутты QR-код арқылы смартфоннан ашуға болады.

Jerry күнделікті өмірде қажет болатын ақпаратты да ұсынады. Құрылғыдан ауа райы мен ауа сапасы туралы мәліметтерді, шұғыл көмек қызметтерінің нөмірлерін, медициналық көмекке қатысты ақпаратты және консулдықтардың байланыс деректерін табуға болады. Сондай-ақ тегін Wi-Fi желісіне қосылып, телефонды қуаттау мүмкіндігі қарастырылған.

Негізгі қызметтер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Оларды пайдалану тегін әрі тіркелуді қажет етпейді.

2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 млн турист келген. Қала қонақтары үшін қажетті ақпаратты түсінікті тілде әрі серуен кезінде алу әсіресе маңызды. Jerry оларға Алматының көрікті жерлерін өз бетінше аралауға, қызықты мекендерді табуға және қала өмірімен жақынырақ танысуға көмектеседі.

Ал алматылықтар үшін бұл - бұрыннан таныс қаланың жаңа қырларын ашудың тағы бір мүмкіндігі. Таныс көшенің тарихын білу, бұрын байқамаған ғимаратқа назар аудару немесе жаңа сүйікті орын табу күнделікті серуеннің өзін қызықты ете түседі.

Jerry арқылы Алматының өткені мен бүгінін қатар көруге болады. Қаланың бай тарихы, сәулеті, мәдениеті мен қазіргі өмірі бір жерден таныстырылады. Қалаға деген сүйіспеншілік те осыдан басталса керек: оның тарихын білу, ерекшеліктерін байқау, мәдени мұрасын сақтау және қызықты орындарын өзгелерге таныстыру.

---

Жарияланды: 2026-11-20T10:19:50+06:00

Жаңартылды: 2026-11-20T10:19:50+06:00

Авторлар: [Анатолий Пак](https://qazaqpress.kz/author/anatolij-pak/)

Айдарлар: [Саяхат](https://qazaqpress.kz/category/sayahat/)

Тегтер: [Алматы](https://qazaqpress.kz/tag/almaty/), [туристік байланыстар](https://qazaqpress.kz/tag/turistik-bajlanystar/), [Қазақстан](https://qazaqpress.kz/tag/qazaqstan/)

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2026/11/20/almatygha-degen-suejispenshilikpen-jerry-qalany-zhanga-qyrynan-tanytady/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.