«Қазақмыс» кеніштердегі тау-кен жабдықтарын жаңартуда: төрт жаңа бұрғылау қондырғысы жеткізілді
«Қазақмыс» Тобы кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін нығайтуға және техниканың сенімділігін арттыруға бағытталған жабдықтарды жаңарту және қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыруда. Жыл басынан бері кәсіпорындарға төрт жаңа бұрғылау қондырғысы жеткізілді. 2027 жылдың соңына дейін тағы 21 қондырғы жеткізу жоспарланып отыр. Жабдықтардың сенімділігін арттыру бағдарламасы аясында 346 бірлік тау-кен шахта техникасына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді.
Жаңа бұрғылау қондырғылары «Жомарт», «Жыланды», «Нұрқазған» және «Батыс» кеніштеріне жеткізілді. Атап айтқанда, кәсіпорындар Epiroc Boomer M1 D, Sandvik DL431, DL-421 және Sandvik DS 511 маркалы бұрғылау қондырғыларымен толықты. Паркті одан әрі жаңарту аясында бұрғылау және анкерлеу қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, жүк көліктері мен басқа да қосалқы техникаларды жеткізу көзделген.
Жаңа жабдық сатып алумен қатар Қазақмыс қолданыстағы тау-кен шахта жабдығының техникалық паркін жөндеу және қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге қарастырылған.
Бүгінгі таңда 346 бірлік техникаға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Жөндеу жұмысының басым бөлігі Жезқазған өңірінде атқарылды. Мұнда 277 бірлік техника қамтылды. Қарағанды өңірінде – 31, Балқаш өңірінде – 38 бірлік техника жөндеуден өтті.

Бағдарламаның жеке бағыты – тау-кен шахта машиналарының негізгі тораптары мен агрегаттарын қалпына келтіру мен ауыстыруды көздеді. Бүгінгі таңда 206 торап бойынша тиісті жұмыс орындалды. Жыл соңына дейін тағы 96-ға жуық торапты қалпына келтіру немесе ауыстыру жоспарланған.
Жөндеу жұмысы бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, жүк көліктері мен Caterpillar, Sandvik және Epiroc маркалы басқа да тау-кен техникаларын қамтиды.Атап айтқанда, жыл басынан бері екі бұрғылау каретасы қалпына келтірілді. Олар – Оңтүстік Жезқазған кенішіне арналған Epiroc Boomer M1 D және «Жомарт» кенішіне арналған Epiroc L2D қондырғысы.
Техниканы кешенді жаңарту жаңа жабдық сатып алуды, қолданыстағы техника паркін жөндеуді және негізгі тораптар мен агрегаттарды қалпына келтіруді қамтиды. Бұл шаралар жабдықтардың техникалық әлеуетін арттыруға, жоспардан тыс тоқтап қалу тәуекелдерін азайтуға және Қазақмыстың өндірістік бөлімшелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.