---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2026/10/29/freedom-avtozholdardy-baqylajtyn-intellektualdy-zhuejege-112-mlrd-tenggeden-astam-investicziya-quyady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Freedom автожолдарды бақылайтын интеллектуалды жүйеге 112 млрд теңгеден астам инвестиция құяды

![Freedom автожолдарды бақылайтын интеллектуалды жүйеге 112 млрд теңгеден астам инвестиция құяды](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/10/glav-1-4.jpeg)

Freedom Holding Corp. өзінің еншілес компаниясы Freedom Lab арқылы Автожолдарды бақылайтын интеллектуалды жүйені (АЖБИЖ) салуға 112 млрд теңгеден астам инвестиция құяды. Тиісті келісімге Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі қол қойды.

Автожолдардың сапасы мемлекеттік күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында:

> «Сапалы жолдар мен заманауи жол бойындағы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесіне үміткер бола алмайды», — деп атап өтті.

Жоба дәл осы міндетті шешуге бағытталған: жүйе автоматты өлшеу станцияларының (АӨС) негізінде жұмыс істейді. Олар көлік құралдарының салмағы мен габариттерін анықтап, деректерін тіркейді және осьтерге түсетін жүктемені бағалайды. Ақпарат қорғалған байланыс арналары арқылы бірыңғай жүйеге беріледі. Онда аналитикалық платформа деректерді тексеру мен сақтауды, талдауды және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен алмасуды қамтамасыз етеді. Компанияның атап өтуінше, жүйе тек деректерді ұсынады: құқық бұзушылық туралы шешім қабылдау және жаза қолдану мемлекеттік органдардың құзыретінде қалады.

Жоба авторларының айтуынша, қазіргі станцияларға қатысты негізгі мәселелердің бірі — объектілер мен оларды басқару жүйесінің бытыраңқылығы. Жоба аясында жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін бірыңғай оператор белгіленеді. Қолданыстағы 85 АӨС-ті түгендеу және жаңғырту жұмыстарынан кейін тағы 135 жаңа станция іске қосылады.

> «Біз жүк көліктері қозғалысының шамамен 80%-ын қамтитын бірыңғай жүйе құрып жатырмыз. Бұл — бытыраңқы станциялардан өлшеу, деректерді тексеру және талдау процестерін біріктіретін тұтас жүйеге көшу. Біздің бағалауымызша, автожолдарға келетін залалды азайту есебінен мемлекет үшін экономикалық тиімділік шамамен 1 трлн теңгені құрайды», - деп хабарлады «Freedom Lab» ЖШС бас директоры Чингиз Кулахметов.

Станциялар мен жүйенің басқа да компоненттерінің жай-күйін бақылауды АЖБИЖ-дің ахуалдық орталығы қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ құқық бұзушылық фактісін растайтын дәлелдемелік материалдардың сапасына жауап береді. Жоба бірыңғай басқару жүйесін құруға, өлшеу деректерінің дәйектілігін қамтамасыз етуге және жүк ағынын талдауға мүмкіндік береді.

[![Фото сгенерировано ИИ](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/10/glav-2-5-1024x630.jpeg)](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/10/glav-2-5.jpeg)Фото сгенерировано ИИ

Чингиз Кулахметовтің айтуынша, жоба тікелей жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмағанымен, оған оң әсерін тигізеді: тұрақты бақылау жүргізу және құқық бұзушылықтарды тіркеу жүргізушілердің қауіпті әрекеттерге бару ықтималдығын төмендетеді. Есептеулерге сәйкес, жобаны 10 жыл бойы іске асыру шамамен 400 жол-көлік оқиғасының, адам өліміне әкелетін 177 жағдайдың және 1 400-ден астам жарақат алу жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді.

Келісімге Шымкентте өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі Қазақстанның IX дөңгелек үстелі (Kazakhstan Global Investment Roundtable, KGIR) аясында қол қойылды. Іс-шараға 40-тан астам елден 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі қатысты. Жиын барысында жалпы сомасы 4,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 22 құжатқа қол қойылды. Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов озық технологияларды енгізу және жаңа өндіріс орындарын құру арқылы экономиканы сапалы жаңғыртудың ел үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

---

Жарияланды: 2026-10-29T08:01:18+06:00

Жаңартылды: 2026-10-29T08:01:25+06:00

Авторлар: [Анатолий Пак](https://qazaqpress.kz/author/anatolij-pak/)

Айдарлар: [Категориясыз](https://qazaqpress.kz/category/kategoriyasyz/)

Тегтер: [Freedom Holding Corp](https://qazaqpress.kz/tag/freedom-holding-corp/), [Қазақстан](https://qazaqpress.kz/tag/qazaqstan/)

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2026/10/29/freedom-avtozholdardy-baqylajtyn-intellektualdy-zhuejege-112-mlrd-tenggeden-astam-investicziya-quyady/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.