Мәслихат депутаттарының сайлауы алдында 86 000 сайлау комиссиясының мүшесі оқытудан өтеді

Мәслихат депутаттарының сайлауы алдында 86 000 сайлау комиссиясының мүшесі оқытудан өтеді
Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Мәслихат депутаттарының сайлауы қарсаңында еліміздің барлық өңіріндегі сайлау комиссияларының мүшелері арнайы оқыту семинарларынан өтеді.

Бұл үдерісті ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады.

«Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын сапалы ұйымдастыру және өткізу сайлау комиссиялары мүшелері мен сайлау процесіне басқа да қатысушылардың өз өкілеттіктерін тиімді орындауына және заңнамада белгіленген сайлау рәсімдерін қатаң сақтауына байланысты. Бұл үшін сайлау заңнамасын жетік білу қажет. Осыған байланысты қысқа мерзім ішінде 86 мыңнан астам сайлау комиссиясының мүшесін, оның ішінде 1 729 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін, 15 мыңнан астам округтік сайлау комиссиясының мүшесін және 70 мыңға жуық учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін даярлауды қамтамасыз етуіміз керек. Мұндай ауқымды жұмыс сайлау комиссияларының әр деңгейінде заңнама, рәсімдер мен іс-қимыл алгоритмдерін бірыңғай түсінуді қамтамасыз ететін, жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын оқыту жүйесін талап етеді», — деп хабарлады Шавхат Өтемісов.

ОСК хатшысының айтуынша, оқыту процесі сайлау комиссияларының бір деңгейінен екіншісіне білім мен әдістемелік тәсілдерді кезең-кезеңімен жеткізу қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Бұл тәсіл сайлау заңнамасын бірыңғай түсінуді және барлық деңгейдегі комиссиялардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар орталық деңгейде тұрақты онлайн кеңестер мен жиналыстар өткізіліп тұрады. Оның аясында аумақтық сайлау комиссияларының басшылары мен жауапты мүшелеріне жекелеген сайлау рәсімдерін қолдану ерекшеліктері және сайлау науқаны барысында туындайтын практикалық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.