Қазақстандағы құқық қорғау реформалары өңірге үлгі бола алады – ANI сарапшысы

Қазақстандағы құқық қорғау реформалары өңірге үлгі бола алады – ANI сарапшысы
Снеха Дипика

Қазақстан адам саудасына қарсы күрес жүйесін заңнамалық реформалар, зардап шеккендерге көрсетілетін көмекті кеңейту және халықаралық ынтымақтастық арқылы жетілдіріп келеді. Адамдарды қанаудың заманауи түрлерінен, соның ішінде киберқылмысқа қатысуға мәжбүрлеуден қорғауға ерекше назар аударылады.

Елде жүргізіліп жатқан өзгерістерге Үндістанның Asian News International (ANI) ақпарат агенттігінің редакторы Снеха Дипика оң бағасын берді.

«Жақында AI and Digital Bridge халықаралық форумына қатысу үшін Астанаға барып, Қазақстанның мемлекеттік басқарудың түрлі салаларындағы реформаларымен таныстым. Әсіресе адам саудасына қарсы күрес шаралары қызығушылық тудырды. Бұл шаралар қылмыстардың жолын кесумен ғана шектелмей, зардап шеккендердің құқықтарын қалпына келтіруге де бағытталған», – деді ол.

Дипиканың бағалауынша, «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заңның қабылдануы осы мәселені кешенді шешуге негіз болған маңызды қадам еді. Құжат халықаралық тәжірибедегі «4P» моделіне сүйенеді. Ол төрт бағытты қамтиды: қылмыстың алдын алу, зардап шеккендерді қорғау, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту және халықаралық әріптестік.

Заңда алғаш рет адам саудасының құрбаны және ықтимал құрбаны мәртебелері бекітіліп, азаматтығына қарамастан көмек көрсету тетіктері қарастырылды. Сонымен қатар сарапшының айтуынша, Қазақстанның қылмыстық заңнамасы БҰҰ-ның Палермо хаттамасының ережелеріне сәйкестендірілді.

Снеха Дипика реформалардың іс жүзінде жүзеге асырылуына да назар аударды. Адам саудасынан зардап шеккендерге уақытша баспана, медициналық, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Бұдан бөлек, оларды жұмысқа орналастыруға және қоғамға бейімдеуге жәрдем беріледі.

Дипика адам саудасының жаңа түрлеріне қарсы күресті де маңызды бағыттардың бірі ретінде атады. Атап айтқанда, интернет арқылы кибералаяқтыққа және басқа да заңсыз әрекеттерге адамдарды мәжбүрлеп тартатын қылмыстық схемаларға қарсы іс-қимыл сөз болып отыр.

Осы орайда ол Қазақстанның 2026 жылы БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының алаңында көтерген халықаралық бастамасына тоқталды. Бастама адамдарды қылмыс жасауға мәжбүрлеу мақсатындағы адам саудасына қарсы күресуге және осындай схемаларды анықтау бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Үндістандық сарапшының пікірінше, заңнамалық кепілдіктерді, нақты көмекке мұқтаж адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қолдауды және халықаралық бастамаларды ұштастыру Қазақстанға адам саудасына қарсы күрестің кешенді жүйесін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл жүйе қанаудың дәстүрлі түрлерімен қатар, жаңадан пайда болған түрлерін де ескеруге бағытталған.

«Қазақстанның осы реформаларға бейілділігі қауіпсіз, баршаға қолайлы әрі прогрессивті қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл – өңірге және одан тыс жерлерге де оң үлгі», – деп түйіндеді халықаралық сарапшы.