Алматыда Яндекс Лавка тапсырыстарын роботпен жеткізу қызметі іске қосылды
Яндекс Лавка Алматыда тапсырыстарды автономды роботтармен жеткізе бастады.
Жуырда Астанада іске қосылған бұл қызмет енді Қазақстанның екінші қаласында қолжетімді. Алғашқы кезеңде роботтар Самал ауданында тапсырыс жеткізеді, кейін қызмет көрсету аумағы біртіндеп кеңейеді. Роботпен жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды.
Жаңа жеткізу тәсілін Яндекс Go қолданбасынан таңдауға болады. Егер тапсырыс берушінің мекенжайы роботтар қызмет көрсететін аумаққа кірсе, тапсырысты рәсімдеу кезінде роботпен жеткізу опциясы шығады. Оның қозғалысын қолданбадағы картадан бақылауға болады. Робот межелі жерге жеткенде, пайдаланушыға хабарлама келеді. Осыдан кейін смартфон арқылы роботтың жүк бөлімін ашып, тапсырысты алып кетуге болады. Жеткізу орта есеппен 15-30 минутқа созылады.

Робот бағытты өздігінен құрып, қаланың жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымын қолданады. Бағдарлау үшін сенсорлар, жасанды интеллект және үш өлшемді карталар пайдаланылады. Олардың көмегімен робот айналадағы нысандарды анықтап, кедергілерді айналып өтеді, жаяу жүргіншілерге жол береді, белгіленген жылдамдық режимін сақтайды және қажет болған жағдайда қауіпсіз түрде тоқтайды.
«Жеткізуші роботтар – жасанды интеллект пен робототехника технологияларының әзірлеу кезеңінен күнделікті қолданысқа өтуінің бір мысалы. Астанадағы алғашқы тәжірибе автономды технологияларды қала инфрақұрылымына кіріктіру мүмкіндігін көрсетті. Енді жоба Алматыда жалғасып жатыр. Біздің міндетіміз – мұндай шешімдерді қауіпсіз енгізуге жағдай жасап, сәтті тәжірибені кейін кеңейту», – деді жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.
«Біз үшін автономды технологиялардың күнделікті міндеттерді шешіп, пайдаланушыларға түсінікті болғаны маңызды. Лавкадан тапсырыс жеткізу – соның жақсы мысалы: адам Яндекс Go арқылы әдеттегідей тапсырыс береді, ал оны робот жеткізеді. Мұндай жеткізу қызметін Астанада іске қосып, тәжірибе жинадық, енді Алматыда бастап отырмыз. Алғашқы кезеңде роботтар шектеулі аумақта жұмыс істейді. Тәжірибе жинақталған сайын жеткізу аумағын біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.
Қалада қауіпсіз қозғалу үшін робот бірнеше түрлі датчикті қатар пайдаланады. Лидар айналадағы кеңістікті сканерлеп, тәуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, шамамен 100 метрге дейінгі қашықтықтағы нысандарды анықтауға мүмкіндік береді. Камералар жол белгілерін, бағдаршам сигналдарын және айналадағы кедергілерді тануға көмектеседі. Ал төрт ультрадыбыстық датчик жақын маңдағы нысандарды анықтайды. Алдынан кедергі шықса, робот жылдам тоқтай алады.
Барлық датчиктен алынған деректі роботтың борттық есептеу жүйесі өңдейді. Жасанды интеллект алгоритмдері өзгеріп отыратын жағдайды ескере отырып, қолайлы бағытты таңдауға, айналадағы ахуалды бағалауға және басқа нысандардың қозғалысын болжауға көмектеседі. Алты дөңгелектің арқасында робот биік жиектерден өтіп, бағдардың күрделі бөліктерін еңсере алады.
Алматы Яндекс Лавка тапсырыстарын роботтар жеткізетін Қазақстандағы екінші қала болды. Бұған дейін мұндай қызмет Астанада іске қосылға болатынн. Алматыдағы жұмыстың алғашқы апталарында операциялық көрсеткіштер мен пайдаланушылардың кері байланысы сараланады. Соның нәтижесіне қарай Yandex Qazaqstan қызметті қаланың басқа аудандарына біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отыр.