БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМ: ӨМІРДІ САҚТАНДЫРУДЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ҚАЛАЙ ТҮСІНІКТІ ЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Kazakhstan Insurance Forum 2026 аясында өмірді сақтандыруды дамытуға, қаржылық жоспарлауға және тұтынушылардың сақтандыру өнімдеріне деген көзқарасын өзгертуге арналған «Өмір жоспар бойынша жүрмейді: неліктен біз болашағымызды сақтандырудан қорқамыз?» атты панельдік пікірталас өтті.
Пікірталас модераторы сақтандыру нарығының сарапшысы, Centras Group негізін қалаушы Ельдар Абдразаков болды. Талқылауға «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов, KASE Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов, «BCC Life» ӨСК» АҚ Басқарма төрағасы Гүлжан Жақсымбетова, «Банк ЦентрКредит» АҚ вице-президенті Анастасия Овсянникова, «Халық-Life» ӨСК» АҚ Басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева және AJR Finance Ltd исламдық финтех-компаниясының негізін қалаушы Мұрат Қылышбай қатысты.
Панельдік пікірталастың орталық тақырыптарының бірі — адамның өмірді сақтандыруға деген көзқарасы болды. Талқылау барысында атап өтілгендей, сақтандыру дәстүрлі түрде ықтимал тәуекелдер мен жағымсыз оқиғалар призмасы арқылы қабылданады. Алайда мұндай көзқарас өмірді ұзақ мерзімді сақтандырудың шынайы мәнін білдірмейді.
«Біз сақтандыруды жаман бірдеңе болып қала ма деп жасамаймыз. Біз жоспар құрамыз: отбасын құрамыз, бала өсіреміз, баспана сатып аламыз, мансабымыз бен бизнесімізді дамытамыз. Алайда белгілі бір сәтте өзімізге: «Бірге құрып жатқан игіліктерімізді жақындарымыз үшін қалай сақтап қаламыз?» деген қарапайым сұрақ қоямыз. Сондықтан сақтандыру — бұл қорқыныш туралы емес. Бұл — бізге қымбат жандардың болашағына деген қамқорлық», — деп атап өтті «BCC Life» ӨСК» АҚ Басқарма төрағасы Гүлжан Жақсымбетова.
Оның айтуынша, қаржылық сауаттылық тек табыс табу мен қаражат жинай білуді ғана емес, сонымен бірге қалыптасқан капиталды және отбасының қаржылық тұрақтылығын қорғау қабілетін де қамтуы тиіс. Осы логикаға сүйенсек, сақтандыру жинақтар мен инвестициялармен қатар отбасылық қаржылық жоспардың ажырамас құрамдас бөлігіне айналады.
Пікірталасқа қатысушылар өмірді сақтандырудың неліктен әлі де ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлаудың дағдылы құралына айналмағанына да ерекше назар аударды. Негізгі факторлардың қатарында — тұтынушылардың жеткілікті түрде ақпараттандырылмауы, сақтандыру өнімдерінің күрделілігі, экономикалық жағдай және жеке сақтандыру мәдениетінің тарихи тұрғыдан төмен болуы бар.
«Біз сақтандыру тілінің өзін өзгертуіміз керек. Кәсіби канцеляризмдер мен тек тәуекелдерді талқылауды азайтып, нақты өмірлік жағдайлар мен қарапайым түсініктемелерді көбірек қолдануымыз қажет. «Сізге не болуы мүмкін?» деген емес, «Сіз нені және кімді қорғағыңыз келеді?» деген сұрақ алдыңғы орынға шығуы тиіс», — деп атап өтті Гүлжан Жақсымбетова.
Спикердің пікірінше, сенім қалыптастырудың маңызды шарты — ашықтық. Клиент нақты нені сатып алып жатқанын, қандай жағдайларда қорғаныс алатынын, қандай шектеулер мен талаптар бар екенін түсінуі тиіс. Бұл ретте түсінікті коммуникация өнім туралы толық ақпаратпен ұштасуы қажет.
Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі — қазақстандықтардың ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлауындағы сақтандырудың рөлі болды. Жинақтар адамға өзінің және жақындарының болашағын қамтамасыз етуге көмектеседі. Ал сақтандыру өмірлік мән-жайлар өзгерген жағдайда қосымша қорғаныс береді.
Панельдік пікірталасқа қатысушылар сондай-ақ сақтандыру өнімдерін тұтынушының нақты өмірлік сценарийлеріне барынша жақындату қажеттілігін де сөз етті. Гүлжан Жақсымбетованың пікірінше, сақтандыру адамда нақты қаржылық қажеттілік туындаған сәтте — балалардың білімін жоспарлау, баспана сатып алу, зейнетақы капиталын қалыптастыру немесе басқа да ұзақ мерзімді қаржылық шешімдер қабылдау кезінде пайда болуы тиіс.
Осы тұрғыда сақтандыру компанияларының банктермен, цифрлық және қаржылық емес платформалармен өзара серіктестігі келешегі зор бағыттардың біріне айналуда. Сақтандыру шешімдерін клиентке дағдылы қаржылық экожүйелерге кіріктіру сақтандыруға қолжетімділікті одан да қарапайым әрі түсінікті ете алады.
Саланы трансформациялаудың тағы бір бағыты — цифрландыруды одан әрі күшейту болмақ. Қазіргі тұтынушы қаржылық сервистердің жылдамдығына, қарапайымдылығына және ашықтығына бой үйреткен. Сондықтан сақтандыру нарығы клиенттің өту жолын жаңа үміттер мен күтулерге бейімдеуі тиіс, соның ішінде AI-технологияларды қолдануы қажет.
«Жасанды интеллект, өз кезегінде, сақтандыру компанияларында клиенттің қажеттіліктерін талдау, скоринг пен андеррайтингті жеделдету, дербес ұсыныстар қалыптастыру, құжат айналымын автоматтандыру және сатудан кейінгі қызмет көрсетуді оңтайландыру үшін қолданылуы мүмкін. Бұл ретте технологиялар адами сараптаманы ығыстырмайды. Мен болашақты «цифра агентке қарсы» емес, «цифра + сарапшы» форматында көремін. Цифрлық арна клиентке жылдамдық пен дербестік беруге тиіс, ал маман — шешім қабылдау шынымен де жанды диалогты талап ететін тұста сараптама ұсынуы керек. Осылайша, дәстүрлі агент қаржылық кеңесшіге айналады», — деді Гүлжан Жақсымбетова.
Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар өмірді сақтандыруды дамыту кешенді тәсілді талап ететінін қолдады. Бұл халықтың қаржылық мәдениетін арттыруды, сақтандыру өнімдерінің қарапайымдылығы мен түсініктілігін, ұзақ мерзімді жинақ құралдары мен технологиялық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ клиент, сақтандырушы және қаржылық делдалдар арасында сенім қалыптастыруды қамтиды.
Панельдік сессия «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ ұйымдастырған және титулдық серіктестер — «BCC Life» ӨСК» АҚ мен «SINOASIA B&R» СК» АҚ қолдауымен өткен Kazakhstan Insurance Forum 2026 аясында өтті. Форумның «Жаңа көкжиектер. Нарықты қайта жүктеу (қайта іске қосу) және сенім үшін күрес» атты негізгі тақырыбы мемлекет, қаржы және сақтандыру секторларының, бизнестің және халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірді. Форум күн тәртібінің төрінде реттеуді дамыту, цифрлық трансформация, сақтандыру компанияларының қаржылық тұрақтылығы және азаматтар мен бизнестің сақтандыруға деген сенімін арттыру мәселелері болды.