Астанада Құрылтай депутаттарына тоғызқұмалақ тақтасы тарту етілді
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарына қазақ халқының ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақ тақтасын тарту етті.
Бұл бастама тоғызқұмалақты ұлттық мәдени мұра ретінде дәріптеу, оның тарихи және тәрбиелік мәнін кеңінен насихаттау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде қолдауға бағытталған.
Бұл шара 9 қыркүйек – Халықаралық тоғызқұмалақ күніне орайластырылды. Аталған дата Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде насихаттау және ұлттық зияткерлік мұраның маңызын арттыру мақсатында белгіленген болатын.
Құрылтай депутаттарына арнайы хат жолданып, тоғызқұмалақ «қазақ халқының зияткерлік мұрасы, шешім қабылдау мәдениеті мен стратегиялық ойлау философиясының символы» екені атап өтілді. Өз кезегінде заңшығарушы орган өкілдері де бұл бастаманы қолдап, тақталарда ыстық ықыласпен қабыл алды.
«Тоғызқұмалақ – ата-баба даналығы мен парасатын тоғыстырған ұлттық зияткерлік ойынымыз. Бұл ойыншының бойына логикалық ойлау, сабыр, есеп, стратегия және дұрыс шешім қабылдау сияқты қасиеттерді сіңіреді. Ұлттық мұрамызды елдің қоғамдық өмірінің барлық саласында кеңінен насихаттау – ортақ міндет. Сондықтан, Тоғызқұмалақ күні Құрылтай депутаттарына ойын тақтасын тарту етуді жөн деп таптық. Әрбір қазақстандықтың төрінде тұруға тиіс ұлттық құндылығымызды дәріптеуді жалғастыра береміз», – деді Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов.
Тоғызқұмалақ қауымдастығы атынан шараға Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұл, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті Шолпан Қадырова, ҚР Тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице-президенті-Қамқоршылар кеңесі мүшесі Айдарали Раманов қатысты. Федерация өкілдерінің пікірінше, Құрылтай депутаттарына тоғызқұмалақ тақтасын табыстау – символдық мәні зор қадам. Себебі елдің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын азаматтарға ұлттық зияткерлік мұраны таныстыру арқылы ұлттық құндылық пен стратегиялық ойлау мәдениетінің сабақтастығы дәріптеледі.
Тоғызқұмалақ бүгінде Қазақстан шеңберінен шығып, әлемнің көптеген елдерінде дамып келе жатқан зияткерлік спорт түріне айналды. Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы ойынның халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыру, ұлттық мектептерді дамыту және жас ұрпақ арасында тоғызқұмалақты кеңінен насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы мен Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясы ұлттық ойынды дәріптеу арқылы қазақ халқының мәдени мұрасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге және әлемдік деңгейде танытуға үлес қосуды жалғастырады.