Алматыда бейінді медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға бағытталған жұмыс жалғасып жатыр

Алматыда бейінді медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға бағытталған жұмыс жалғасып жатыр

Алматыда бейінді медициналық көмекті ұйымдастыру ісі құзырет орталықтарының мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы жетілдіріліп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыс Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қаладағы медициналық ұйымдардың басшыларымен өткізген жұмыс кеңесінде талқыланды.

Кеңесте №1 қалалық клиникалық аурухана жанындағы пульмонология және аллергология бойынша құзырет орталығының жұмысы қаралды. Орталық осы бағыттағы медициналық көмекті үйлестіріп, күрделі жағдай бойынша мамандарға әдістемелік қолдау көрсетеді, пациенттерді тиісті медициналық көмекке бағыттайды және медицина мамандарының біліктілігін арттыруға қатысады.

2026 жылғы наурыз-тамыз аралығында пульмонология бойынша 1 156 консультация өткізілді. Ал аллергология және иммунология бойынша 3 473 өтініш тіркелді.

Сондай-ақ Қалалық жедел шұғыл көмек ауруханасы жанындағы урология, нефрология, сондай-ақ жүйке жүйесінің аутоиммунды және орфандық ауруларын анықтау және емдеу бағыттарындағы құзырет орталықтарының жұмысы талқыланды.

Жыл басынан бергі сегіз айда урология орталығы 125 сараптамалық консультация өткізіп, 202 ота жасады. Неврология орталығында 112 пациентке консультация беріліп, 124 пациент тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда ем алды. Нефрология орталығында 69 сараптамалық консультация өткізіліп, 87 пациент гемодиализ алды.

Құзырет орталықтары күрделі жағдайды саралап, пациентті қажетті маманға немесе медициналық ұйымға бағыттауға, сондай-ақ әрі қарайғы емдеу тәсілін айқындауға мүмкіндік береді.

Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша бейінді медициналық көмектің халыққа қолжетімдігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленді.