Қарағанды облысында «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру жұмыстары басталды

Қарағанды облысында «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру жұмыстары басталды

Солтүстік Қатпар кен орнында «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, Cove Kaz Capital Group, «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ өкілдері, мемлекеттік органдардың, салалық ұйымдардың, мердігер компаниялар мен жергілікті қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсім жобаның дайындық кезеңінен кен орнындағы нақты жұмыстарға көшуін айқындады. 2026 жылғы шілдеден бастап Солтүстік Қатпарда алаңды дайындау жұмыстары басталды. Қазір геодезиялық жұмыстар жүргізіліп, кірме жолдар мен бұрғылау алаңдары жабдықталуда, қажетті далалық инфрақұрылым жасақталуда. Сонымен қатар жобаның түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемесін – Definitive Feasibility Study (DFS) әзірлеу басталды. Оны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. DFS кен орнын игеру мен өңдеу қуаттарының түпкілікті параметрлерін айқындап, соңғы инвестициялық шешім қабылдауға негіз болады.

Cove Kaz Capital Group бас директоры Доминик Хитон инвестордың мақсаты бір ғана кен орнын игерумен шектелмейтінін атап өтті.

Иллюстрация — Қарағанды облысында «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру жұмыстары басталды

«Бүгін біз «Солтүстік Қатпар» жобасын өнеркәсіптік тұрғыдан іске асыруды бастап отырмыз. Біздің мақсатымыз – жай ғана кен орнын игеру емес, Қазақстанда заманауи әрі халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті вольфрам өндіру және өңдеу саласын қалыптастыру. Бұл ел ішінде өңдеу өндірісіне және қосылған құн қалыптастыруға инвестиция салуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды, кәсіби құзыреттерді дамытуды және қазақстандық компанияларды жобаның жеткізу тізбегіне тартуды білдіреді. Cove Kaz Capital Group тау-кен саласындағы халықаралық тәжірибені, капиталға, технологияларға және жаһандық нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз етсе, «Тау-Кен Самұрық» Қазақстанды, оның тау-кен секторын және елдің өнеркәсіптік басымдықтарын терең біледі», – деді Доминик Хитон.

«Бүгін біз «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асырудың жаңа кезеңіне көшіп отырмыз. Cove Kaz Capital Group-пен бірлесіп, Қазақстанда кен өндіруден бастап жоғары қосылған құны бар вольфрам өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыруды көздеп отырмыз. Бұл – Қазақстанға инвестициялар мен технологиялар тартуға және отандық өнеркәсіптің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған табысты халықаралық әріптестіктің үлгісі», – деді «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ инвестициялар және стратегия жөніндегі бас директоры Данияр Ыдырысов.

Иллюстрация — Қарағанды облысында «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру жұмыстары басталды

Солтүстік Қатпар – Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеруді қамтитын кешенді жобаның бір бөлігі. Қазіргі бағалау бойынша екі кен орнын игеруге, сондай-ақ тау-кен және өңдеу инфрақұрылымын құруға салынатын жиынтық инвестиция көлемі шамамен $1,1 млрд құрайды. Қазіргі кезеңде Cove Kaz Capital Group кен орнындағы жұмыстарды, бұрғылау бағдарламасын және DFS әзірлеуді қаржыландырып отыр.

2023 жылғы сәуірде аяқталған соңғы техникалық-экономикалық зерттеу деректеріне сәйкес, Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақтының JORC стандарты бойынша жиынтық минералдық ресурстары шамамен 1,4 млн тонна вольфрам триоксидін (WO₃) құрайды. Қазіргі DFS аясында геологиялық және техникалық деректер жаңартылып, кен орындарын игеру параметрлері нақтыланады.

Қазіргі есептеулер бойынша, Солтүстік Қатпар жылына шамамен 5 мың тонна, ал Жоғарғы Қайрақты шамамен 7 мың тонна вольфрам өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Екі кен орнының ықтимал жиынтық өндіріс көлемі жылына шамамен 12 мың тонна деп бағаланады. Бұл қазіргі әлемдік вольфрам өндіру көлемінің шамамен 15%-ына тең.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – шикізатты ел ішінде терең өңдей отырып, Қазақстанда толық өндірістік цикл қалыптастыру. Жоба кенді өндіру мен байытуды, одан кейін химиялық-металлургиялық өңдеуді қамтиды. Қазіргі кезеңде болашақ өңдеу өндірісінің негізгі өнімі ретінде аммоний паравольфраматы (APT) қарастырылып отыр. Бұл – кейіннен вольфрам оксидтері мен ұнтақтарын, вольфрам карбидін, қатты қорытпаларды және жоғары технологиялық өнеркәсіп салаларына арналған өзге де материалдарды өндіруде қолданылатын жоғары тазалықтағы өнім.

Иллюстрация — Қарағанды облысында «Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру жұмыстары басталды

DFS аяқталғаннан кейін жоба FEED (Front-End Engineering Design) кезеңіне, одан әрі егжей-тегжейлі жобалау мен құрылысқа көшеді. Жоспар бойынша, негізгі құрылыс жұмыстарын 2028 жылы бастау, ал іске қосу-баптау жұмыстарын 2029 жылдан жүргізу көзделіп отыр.

«Солтүстік Қатпар» жобасын іске асыру Қазақстанда аса маңызды минералдар секторында шикізат өндіруден бастап жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға дейінгі жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуды, қазақстандық мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуды және отандық компаниялардың тау-кен және өңдеу инфрақұрылымына қажетті тауарлар мен қызметтерді жеткізуге қатысуын кеңейтуді көздейді.