---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2026/08/27/almatyda-ajmaqtyq-travmatologiya-zhaene-ortopediya-ortalyghy-ashyldy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Алматыда Аймақтық травматология және ортопедия орталығы ашылды

![Алматыда Аймақтық травматология және ортопедия орталығы ашылды](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/08/glav-9.jpeg)

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов №4 қалалық клиникалық ауруханада Аймақтық травматология және ортопедия орталығын ашты.

Жаңа орталық ауыр жарақат алған науқастарға медициналық көмекті бір жерде, емдеудің барлық кезеңін қамти отырып көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда жедел көмек көрсетіліп, күрделі оталар жасалады. Одан кейін науқастар оңалтудан өтіп, денсаулығын қалпына келтіру шараларымен қамтылады. Медициналық қызметтер ТМККК және МӘМС аясында көрсетіледі.

Орталықта ауыр жарақат пен сынықтарға байланысты күрделі және жоғары технологиялық оталар жасалады. Зақымданған сүйек пен буындар қалпына келтіріліп, буындарды эндопротездеу, қайта қалпына келтіру және аз жарақаттайтын оталар жүргізіледі.

> «Аймақтық травматология және ортопедия орталығының ашылуы тірек-қимыл жүйесінің жарақаттары мен ауруларын анықтау және емдеудің заманауи тәсілдерін бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімдігін арттырып, науқастың емделу барысындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді», - деді Марат Пашимов.

Орталықта травматология және ортопедия мамандарын оқытып, біліктілігін арттыруға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бар.

№4 қалалық клиникалық аурухана - Алматыдағы жетекші стационардың бірі. Мұнда жыл сайын 19 мыңнан астам науқас емделеді. 12 мыңға жуық ота жасалады. 2025 жылы ірі буындарға 2250 эндопротездеу отасы жүргізілді.

[![Иллюстрация — Алматыда Аймақтық травматология және ортопедия орталығы ашылды](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/08/foto-1-4-576x1024.jpeg)](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/08/foto-1-4.jpeg)

Орталықтың ашылуына орай аурухананың қабылдау бөлімінің жұмыс жүйесі де толық жаңартылды. Алматы қаласы мен Алматы облысының травматологиялық қызметтері арасындағы өзара іс-қимыл күшейтілді. Бұл ауыр және бірнеше жарақаты қатар келген науқастарға медициналық көмекті жедел әрі тиімді көрсетуге жол ашады.

№4 аурухананың тағы бір артықшылығы - аумағында тікұшақ қонатын алаңның болуы. Бұл - қаладағы стационарлар арасында осындай мүмкіндігі бар жалғыз аурухана. Тікұшақ алаңы ауыр жарақат алған науқастарды, соның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары таулы және жетуі қиын басқа да аймақтардан эвакуациялаған адамдарды ауруханаға шұғыл жеткізуге мүмкіндік береді.

Орталық құру бастамасын бұған дейін Жарақаттану, жедел медициналық көмек және медициналық авиация мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі қолдаған.

[![Иллюстрация — Алматыда Аймақтық травматология және ортопедия орталығы ашылды](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/08/foto-2-3-576x1024.jpeg)](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/08/foto-2-3.jpeg)

Орталықтың ашылу рәсіміне академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов, травматолог-ортопед, медицина ғылымдарының докторы, профессор Уразбай Абдуразаков, сондай-ақ Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дамир Ермагамбетов қатысты.

Іс-шара барысында серіктес банк №4 қалалық клиникалық ауруханаға жаңа жедел медициналық жәрдем көлігінің кілтін табыстады.

---

Жарияланды: 2026-08-27T09:30:50+06:00

Жаңартылды: 2026-08-27T09:41:10+06:00

Авторлар: [Анатолий Пак](https://qazaqpress.kz/author/anatolij-pak/)

Айдарлар: [Денсаулық](https://qazaqpress.kz/category/densauly%d2%9b/)

Тегтер: [Алматы](https://qazaqpress.kz/tag/almaty/), [денсаулық](https://qazaqpress.kz/tag/densauly%d2%9b/), [медицина](https://qazaqpress.kz/tag/medicina/), [Қазақстан](https://qazaqpress.kz/tag/qazaqstan/)

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2026/08/27/almatyda-ajmaqtyq-travmatologiya-zhaene-ortopediya-ortalyghy-ashyldy/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.