Әсем Ережеқызы: «Қазақстанға «Мәдениет және жауапкершілік» идеологиясы қажет»

Әсем Ережеқызы: «Қазақстанға «Мәдениет және жауапкершілік» идеологиясы қажет»

Белгілі қазақстандық ақын, айтыскер Әсем Ережеқызы әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Ақынның айтуынша, Қазақстанда соңғы уақытта жақсы өзгерістер көп. Ол қоғамда тәртіп мәселесіне басымдық беріле бастағанын атап өтіп, ендігі кезекте мәдениет пен тәрбиеге көбірек көңіл бөлу қажет екенін жазды.

«Өткенді айтып өкіне бермей, жақсы үмітпен алға ұмтылатын кез келген сияқты. Баладай өкпешілдікті қою керек. Саралап, сараптап қарасам, айналада жақсы өзгеріс көп, Іштей риза болып қоямын, құдай бұл күнді де көрсетті. Сіздерді қайдам, маған Мемлекетіміздің саясаты қоғамдық тәртіп мәселесін қатты қолға алғаны сезіледі. Тәртіп мәселесіне Президент те жиі айтып жүр. Бұл маған ұнайды. Қазір бізде бәрі бар. Той-думанды сәл реттеп, ысырапшылдықтан арылсақ, қаражат мәселесі де реттеледі деп ойлаймын. ЖЕТІСПЕЙ жүрген нәрсе Мәдениет пен Тәртіп. Әйтпесе Қазақ өте дана, зерек халық қой! Қазір біздің жастардың арасында төрт тілде еркін сөйлейтіндер көп. Жастар өте талантты. Қуанасың. Тек тәрбиені дұрыс беруіміз керек. Әл-Фараби атамыз “Балаға ең әуелі тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы” деп бекер айтпаған ғой.

Мәселен, адамның көшеде қоқыс тастамауы үшін оның жанында үнемі полиция тұруы шарт емес.

Қоғамдық орында айқайламауы үшін айыппұлдан қорқуы міндетті емес.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету үшін заңның әр бабын жаттап алудың қажеті жоқ.

Мұның бәрі – мәдениет пен тәрбиеден басталады.

Сондықтан бүгін Қазақстанға «Заң және тәртіп» идеологиясымен қатар «Мәдениет және жауапкершілік» идеологиясы да қажет. Жапондар мектепте алғашқы үш жыл бойы сабақ оқыту орнына тәртіп үйретеді екен.

Балаға кішкентайынан:

— қоғамдық орынды таза ұстауды;

— кезек сақтауды;

— қарт адамға жол беруді;

— өзгенің тыныштығын сыйлауды;

— мемлекеттік мүлікке өз мүлкіндей қарауды;

— үлкенмен сөйлесу мәдениетін;

— өзгенің құқығын құрметтеуді үйрету керек.

Бұл – ұсақ-түйек емес.

Ұлттың мәдени деңгейі осындай күнделікті әрекеттерден көрінеді. Еліміз дамып, Отанымыз көркейе берсін!»

Әсем Ережеқызының пікірінше, қоғамдық тәртіпті тек заң мен айыппұл арқылы қалыптастыру жеткіліксіз. Оның негізінде адамның ішкі мәдениеті, тәрбиесі және өзгелерге деген жауапкершілігі болуы керек.