Жетінші арнада саяси партиялардың қатысуымен өткен сайлауалды телевизиялық дебат аяқталды

Жетінші арнада саяси партиялардың қатысуымен өткен сайлауалды телевизиялық дебат аяқталды

АСТАНА, 5 тамыз 2026 жыл – Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен өткен телевизиялық сайлауалды дебат өз мәресіне жетті. Білім беру жүйесін дамыту тақырыбына арналған ауқымды пікірталас Жетінші арнаның тікелей эфирінде көрсетілді.

Теледебатқа «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партияларының өкілдері қатысты. Эфир барысында олар білім беру саласын дамытуға қатысты сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және негізгі басымдықтарын ұсынды.

Дебат басталар алдында тікелей эфирде қатысушылардың сөз сөйлеу ретін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі өтті. Жоба төрт кезеңнен тұрды. Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырып, білім беру жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды, бір-біріне сұрақ қойып, көрермендердің сауалдарына жауап берді және сайлаушыларға қорытынды үндеулерін жолдады.

Пікірталас барысында білім беру жүйесін цифрландыру, жоғары білімнің қолжетімділігін кеңейту, білікті жұмысшы кадрларды даярлау, экологиялық мәдениетті дамыту, ауыл жастарын қолдау бағдарламаларын жетілдіру, педагогтердің мәртебесін арттыру және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Кезеңдер арасындағы үзілістерде Жетінші арнаның арнайы студиясында саясаттанушылар мен білім беру саласының сарапшылары партиялардың ұсыныстарын талдап, пікірталасқа кәсіби баға берді.

Онлайн дауыс беру қорытындысы

Эфир бойы көрермендер QR-код арқылы ұйымдастырылған онлайн дауыс беруге қатысып, «Қай партия спикерінің сөзі сізге көбірек ұнады?» деген сұраққа жауап берді.

Онлайн дауыс беруге 73 628 көрермен қатысты.

Қорытынды нәтиже төмендегідей болды:

  1. «Әділет» партиясы – 45,48 %;
  2. «Ауыл» партиясы – 15,58 %;
  3. Respublica партиясы – 12,01 %;
  4. ЖСДП – 9,71 %;
  5. «Ақ жол» партиясы – 7,98 %;
  6. Қазақстан Халық партиясы – 6,96 %;
  7. «Байтақ» партиясы – 1,58 %;
  8. «Ешқайсысын қолдамаймын» – 0,70 %.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, телевизиялық дебат саяси партиялар, сарапшылар қауымдастығы және сайлаушылар арасындағы ашық диалог алаңына айналды. Интерактивті формат көрермендерге пікірталасты тамашалап қана қоймай, сұрақ қойып, пікір білдіруге және онлайн дауыс беру арқылы өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік берді.

Теледебаттың толық жазбасы, эфирдің үздік сәттері, сахна сыртындағы эксклюзивті материалдар және қосымша бейнематериалдар Жетінші арнаның ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады.

Телевизиялық дебат Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, Жетінші арнаның тікелей эфирінде көрсетілді.