---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2026/08/04/%d2%9baza%d2%9bstandy%d2%9btardy%d2%a3-723-y-zha%d2%a3a-%d2%9b%d2%b1ryltaj-%d2%afshin-dauys-beruge-dajyn/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Респонденттердің 89,4%-ы алдағы сайлау туралы хабардар –сауалнама нәтижелері

![Респонденттердің 89,4%-ы алдағы сайлау туралы хабардар –сауалнама нәтижелері](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/07/vybory.jpeg)

Қоғамдық саясат институты сауалнамасының нәтижелері 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы халықтың хабардар болу деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Зерттеу деректеріне сәйкес, респонденттердің 89,4% алдағы сайлау туралы хабардар («Сіз 2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтетіні туралы білесіз бе?»): 55,2% сайлау туралы толық хабардар екенін, тағы да 34,2% сайлау туралы естігенін, бірақ егжей-тегжейлі білмейтінін мәлімдеді.

Құрылтай сайлауы туралы хабардар болу деңгейі респонденттердің жас ерекшелігіне тікелей статистикалық тәуелді екені байқалады: респонденттің жасы ұлғайған сайын оның сайлау туралы хабардар болу деңгейі де арта түседі. Сайлау туралы хабардар болу деңгейі ауыл тұрғындары арасында жоғары.

![](https://qazaqpress.kz/wp-content/uploads/2026/08/foto-1-1-300x300.jpg)

Әлеуетті электоралды белсенділік көрсеткіші де азаматтардың дауыс беруге дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 72,3% Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді («Сіз 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?»). Сонымен қатар, респонденттердің 11,9% дауыс беруге қатысуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Ал 15,8% әлі нақты шешім қабылдамаған, оның ішінде жауап беруге қиналған респонденттердің 0,5%-ы бар.

Әлеуетті электораттың басты ерекшеліктерінің бірі оның сабақтастығы болып отыр. Атап айтқанда, сайлауға қатысуға ниетті респонденттердің 87,6% 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан («Сіз төменде көрсетілген сайлау науқандарының қайсысына қатыстыңыз/дауыс бердіңіз?»). Бұл елдегі негізгі саяси науқандарға үнемі қатысатын азаматтардың тұрақты тобы қалыптасқанын көрсетеді.

Сайлауға қатысуға ниетті азаматтардың электоралдық таңдауы бойынша «Әділет» партиясы алда келеді. Аталған партияға респонденттердің 67,3% дауыс беруге дайын екенін білдірді («Сіз Құрылтай сайлауында қай партияға дауыс бересіз?»). Партияны қолдау деңгейі 36-60 жастағы респонденттер, ауыл тұрғындары арасында жоғары екені байқалады. Атап өтерлігі, осы партияны қолдайтындар сайлауға қатысуға ниетті респонденттер арасында шоғырланған.

![](https://qazaqpress.kz/wp-content/uploads/2026/08/foto-2-300x300.jpg)

Екінші орынға 6,2% нәтижесімен «Ауыл» партиясы орналасты. Әрі қарай «Respublica» – 5,5%, «Ақ жол» – 4,8%, ЖСДП – 4,3%, ҚХП – 3,9%, «Байтақ» – 1,1%  көрсеткіштерімен жайғасты.

Ал респонденттердің 1,6% барлық партияларға қарсымын деп дауыс беруді ниет етсе, 5,3% әлі шешім қабылдамағанын айтты.

Талдау нәтижелері партияны таңдауға ықпал ететін негізгі фактор («Жоғарыда көрсетілген партиялардың біріне дауыс беруіңізге негізгі себеп қандай?», респонденттің бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігі болды) –  оның бастамаларына берілетін оң баға екенін көрсетті, бұл жауапты  респонденттердің 44,4% таңдаған, екінші орында – респонденттердің белгілі бір партиямен тұрақты байланысты сезінуі ( «Мен – осы партияның жақтасымын» – 29,2%). Одан кейін «Қазақстанның келешегі осы партиямен байланысты» (25,3%) және «Партияның сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілі маған ұнайды» (14,7%) деген пікір жиі кездеседі.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері азаматтардың алдағы Құрылтай сайлауына деген ынтасының жоғары деңгейде екенін және электоралдық жұмылдырудың жеткілікті дәрежеде қалыптасқанын көрсетеді.

Сауалнаманы Қоғамдық саясат институты 2026 жылғы 7-27 шілде аралығында ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізді. Іріктеме көлемі – 18 жастан асқан 8000 респондент (17 облыс, Астана, Алматы, Шымкент қалалары). Іріктеме қателігі – ±1,19%. Деректерді жинау әдісі – жаппай сауалнама (face-to-face). Қоғамдық саясат институты деректерді ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясын 2026 жылғы 4 шілдедегі № KQ—26/14 жазбаша хабардар ету негізінде жариялайды.

---

Жарияланды: 2026-08-04T12:32:13+06:00

Жаңартылды: 2026-08-04T15:54:26+06:00

Авторлар: [Анатолий Пак](https://qazaqpress.kz/author/anatolij-pak/)

Айдарлар: [Категориясыз](https://qazaqpress.kz/category/kategoriyasyz/)

Тегтер: [выборы](https://qazaqpress.kz/tag/vybory/), [Қазақстан](https://qazaqpress.kz/tag/qazaqstan/)

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2026/08/04/%d2%9baza%d2%9bstandy%d2%9btardy%d2%a3-723-y-zha%d2%a3a-%d2%9b%d2%b1ryltaj-%d2%afshin-dauys-beruge-dajyn/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.