Құрылтай сайлауына халықаралық байқаушылар жоғары қызығушылық танытуда
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бүгін өткен отырыста 9 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан ұсынылған 155 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.
ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттері Қазақстанда өтетін Құрылтай сайлауына жоғары қызығушылық танытып отыр.
2026 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына 9 шет мемлекеттен және 4 халықаралық ұйымнан 155 халықаралық байқаушының кандидатурасын аккредиттеуге ұсынған.
Олардың қатарында:
- ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 86 байқаушы;
- ТМД Байқаушылар миссиясынан – 22 байқаушы;
- ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан – 23 байқаушы;
- ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 6 байқаушы.
Сонымен қатар шет мемлекеттерден Ресей Федерациясынан 3 байқаушы ұсынылса, Әзербайжан, Армения, Иордания Хашимит Корольдігі, Қырғызстан, Молдова, Мьянма және Румыниядан әрқайсысынан екі өкіл, Украинадан бір кандидатура ұсынылды.
Аталған халықаралық миссиялардың құрамына Австрия, Әзербайжан, Албания, Беларусь, Бельгия, Босния және Герцеговина, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Испания, Италия, Қырғызстан, Латвия, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Польша, Ресей, Румыния, Солтүстік Македония, Словения, Тәжікстан, Түркия, Финляндия, Франция, Хорватия, Черногория, Чехия және Швецияны қоса алғанда 29 елдің атынан 74 депутат кіреді.
Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген делегациялар құрамында шет мемлекеттердің орталық сайлау органдарының 12 делегациясы бар. Оның ішінде Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Пәкістан және Ресейдің орталық сайлау комиссияларының төрағалары келеді. Сондай-ақ Тәжікстан, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшылары да сайлауды байқауға қатысатынын растады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан барлығы 251 халықаралық байқаушы аккредиттелді. Аккредиттеу жөніндегі жаңа ұсыныстардың келіп түсуіне қарай халықаралық байқаушылардың тізімі толықтырылып отырады.