Қазақстандық Диана Ержанова триатлоннан жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогының жеңімпазы атанды

Қазақстандық Диана Ержанова триатлоннан жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогының жеңімпазы атанды
Фото: triathlon.org.kz

Қазақстандық Диана Ержанова триатлоннан жасөспірімдер арасындағы Еуропа кубогының жеңімпазы атанды

18 шілде күні Румынияның Изворани қаласында Europe Triathlon Junior Cup Izvorani 2026 кезеңі өтті. Жасөспірім қыздар арасындағы жарысқа Қазақстан, Румыния, Италия, Венгрия, Түркия, Ұлыбритания, Чехия, Украина, Польша, Литва, Болгария және Сербиядан келген 30 спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасының намысын Диана Ержанова, Алуа Нұрмұхамет, Калерия Шнейдер, Аида Ким, Арсений Шевченко және Әлхам Мұрат қорғады.

Жарыстың басты жетістігі – Диана Ержанованың алтын медаль жеңіп алуы. Қазақстандық спортшы спринт қашықтығын 35 минут 41 секундта еңсеріп, румыниялық Tunde Georgiana Crisan спортшысынан 7 секундқа озып шықты.

Күміс жүлдені Tunde Georgiana Crisan (Румыния, 35:48), ал қола жүлдені Alice Ventre (Италия, 35:50) иеленді. Жүлдегерлердің уақыт айырмашылығы небәрі 9 секундты құрап, жарыстың жоғары деңгейде өткенін көрсетті.

Қазақстандық басқа спортшылар да сәтті өнер көрсетті. Алуа Нұрмұхамет 36:03 нәтижесімен 5-орынға ие болды, Калерия Шнейдер 36:07 уақытпен 6-орыннан көрінді, ал Аида Ким 36:13 нәтижесімен 9-орын алды.

Осылайша, Қазақстанның төрт спортшысы беделді Еуропа кубогының үздік ондығына енді.

Жарыстың екінші күні қазақстандық спортшылар табысты өнерін жалғастырды. Диана Ержанова, Арсений Шевченко, Алуа Нұрмұхамет және Әлхам Мұраттан құралған команда Mixed Relay аралас эстафетасында күміс жүлдеге ие болып, жарысты екінші орынмен аяқтады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Europe Triathlon Junior Cup Izvorani 2026 кезеңін екі жүлдемен қорытындылады: Диана Ержанованың жеке сындағы алтын медалі және аралас эстафетадағы күміс жүлде. Бұл нәтиже қазақстандық триатлоншылардың халықаралық аренадағы жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын жарқын жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілейміз!