OLX.kz пайдаланушылардың қауіпсіздігін күшейтуде: прокуратурамен бірлескен жұмыс
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының үйлестіруімен OLX Group Алматы облысының прокуратурасымен бірлесіп тұрғын үйді жалға беру саласындағы интернет-алаяқтықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмысты белсенді жүргізіп келеді.
Жаз мезгілінде тәуліктік жалға берілетін тұрғын үйге қатысты жалған хабарландырулар санының артуына байланысты компания платформадағы мониторингті күшейтіп, күмән тудыратын контентті жедел түрде бұғаттауда.
Жазғы демалыс маусымы мен мектеп каникулы басталғаннан бері Қазақстанда қысқа мерзімге тұрғын үйді жалға алуға сұраныс айтарлықтай өсті. Прокуратураның мәліметінше, биыл республика бойынша көрсетілмейтін қызметтерді ұсынуға қатысты 1 825-тен астам қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 100-ден астамы тұрғын үйді жалға беру саласындағы алаяқтыққа қатысты. Ең күрделі жағдай Алматы қаласында байқалады. Себебі жаз мезгілінде мұнда Алматы облысынан және еліміздің өзге өңірлерінен келетін азаматтардың саны дәстүрлі түрде көбейеді.
Алаяқтардың ең жиі қолданатын тәсілі – бағасы әдейі төмендетілген, тартымды фотосуреттері бар жалған хабарландыруларды жариялап, кейін нақты тұрғын үй ұсынбастан алдын ала төлем немесе кепілақы алу.
Осыған қарсы әрекет ету мақсатында OLX алаяқтық белгілері бар хабарландыруларға мониторингті күшейтіп, күмәнді контентті және оған қатысты аккаунттарды жедел бұғаттайды. Сонымен қатар компания прокуратурамен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды кеңінен ақпараттандыруға арналған профилактикалық материалдр әзірлеуде.
OLX Group компаниясының қауіпсіздік және алаяқтыққа қарсы ісқимыл жөніндегі аға маманы Талғат Қожанов алаяқтық хабарландыруларды қалай тануға болатынын түсіндірді:
«Егер сіз жақсы жөнделген, толық жиһаздалған, мысалы, Бостандық ауданында орналасқан пәтер туралы әдемі фотосуреттері бар және айына небәрі 150 мың теңгеге ұсынылған хабарландыруды көрсеңіз, сақ болғаныңыз жөн. Әсіресе «пәтер иесі» хабарландыруды алып тастау үшін алдын ала кепілақы төлеуді сұраса, бұл күмән тудыруы тиіс. Пәтерді өз көзіңізбен көрмей, құжаттарды тексермей және келісімшарт жасаспай тұрып ешқандай ақша аудармаңыз. Егер ұсыныс шектен тыс тиімді көрінсе, оны бірнеше рет тексерген дұрыс.»
Маңызды белгілердің тағы бірі – қолдан жасалған асықтыру. Алаяқтар әдейі уақыттың тығыз екенін көрсетіп, адамға бәрін тексеруге мүмкіндік бермеуге тырысады.
«Егер «пәтер иесі» тұрғын үйді бірден көрсетуге дайын болмаса, бос еместігін айтып сылтауратса, үміткерлердің көп екенін айтып, сізді шешім қабылдауға асықтырса – бұл алаңдатарлық белгі. Осылайша олар пәтерді дәл қазір басқа біреу алып қояды деген әсер қалыптастырады.
Шын мәнінде мұндай асықтыру адамның ойын шатастырып, жағдайды мұқият тексеруге мүмкіндік бермеу үшін қажет. Қысымға ермеңіз. Алдымен пәтерді өзіңіз барып көріңіз, жалға берушінің оны жалға беруге құқығы бар екеніне көз жеткізіңіз, құжаттарын тексеріңіз, содан кейін ғана төлем мәселесін талқылаңыз», – деді Талғат Қожанов.
Алматы облысының прокуратурасы еске салады: кепілақы тұрғын үйдің сақталуына кепілдік бермейді, керісінше, алаяқтардың басты мақсатының бірі болып табылады.
Сондықтан ақша аудармас бұрын тұрғын үйдің шын мәнінде бар екеніне және жалға берушінің жеке басына көз жеткізу қажет.
«Ақша аудармас бұрын тұрғын үйдің жаңа фотосуреттерін сұратып, нақты мекенжайын анықтап, картографиялық сервистер арқылы тексеру қажет. Егер жалға беруші үміткерлердің көп екенін айтып, ақшаны шұғыл аударуды талап етсе, ерекше сақ болған жөн. Ең қауіпсіз тәсіл – ресми брондау сервистері арқылы немесе тұрғын үйді жеке барып көргеннен кейін ғана төлем жасау», — дейді Алматы облысы прокурорының көмекшісі Алмас Жалғасов.
Егер даулы жағдай туындаса, сақталған әрбір құжат маңызды дәлелге айналуы мүмкін.
«Тек хат алмасуды ғана емес, ақша аударымдары туралы мәліметтерді, түбіртектерді, хабарландырулардың скриншоттарын, тұрғын үйдің фотосуреттерін және телефон нөмірлерін де сақтау ұсынылады. Осындай дәлелдердің жиынтығы оқиғаның мән-жайын анықтауға және алаяқты сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Азамат неғұрлым көп ақпарат сақтаса, келтірілген шығынды өтеу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады», – деді Алмас Жалғасов.
Ең бастысы – әрбір жалға алушының құжаттарды тексеруге толық құқығы бар. Ал оларды көрсетуден бас тартудың өзі көп нәрседен хабар береді.
«Тұрғын үйді брондамас бұрын әңгімелесіп отырған адамның пәтердің меншік иесі екенін немесе сенімхат негізінде әрекет ететінін нақтылап алыңыз. Жеке куәлігін және тұрғын үйді жалға беруге құқық беретін құжаттарды сұраңыз. Егер адам тексеруден жалтарса, шарттарды үнемі өзгерте берсе немесе бірден алдын ала төлем талап етсе – бұл алаяқтықтың айқын белгілері. Ақпаратты тексеруге кеткен бірнеше минут ақшаңыздан айырылып қалудан және ұзақ уақытқа созылатын мәселелерден сақтай алады», – деп атап өтті Алмас Жалғасов.