---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2026/07/04/respublica-sajlaualdy-ba%d2%93darlamasy-men-partiyaly%d2%9b-tizimin-bekitti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Respublica сайлауалды бағдарламасы мен партиялық тізімін бекітті

![Respublica сайлауалды бағдарламасы мен партиялық тізімін бекітті](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2026/07/bezymyannyj.jpg)

«Біздің басқа Отанымыз жоқ. Біртұтас ұлт болып жұмылып, қоғамды біріктіре алсақ, кез келген белесті бағындырып, алдымызға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз», — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында айтқан осы сөзі жаңа саяси кезеңнің басты бағдарына айналды. Бүгін сол кезеңнің маңызды оқиғаларының бірі өтті: **Respublica** партиясы сайлауалды науқанға ресми түрде кірісті.

Елордада **Respublica** партиясының кезектен V тыс съезі өтті. Оған партия басшылығы, Орталық және өңірлік кеңестердің мүшелері, филиал төрағалары, депутаттар, сондай-ақ **Respublica Jastary** және **ReWomen** қауымдастықтарының белсенділері қатысты. Делегаттар партияның алдағы даму бағытын айқындап, алдағы электоралды кезеңге қатысты негізгі шешімдерді қабылдады.

Съезде **партияның үш жылдағы жұмысы** қорытындыланды. Осы уақыт ішінде **Respublica** өз бағдарламасын заң шығару қызметі, қоғамдық бастамалар және өңірлік желіні дамыту арқылы жүйелі түрде іске асырды. Партия депутаттары ондаған заңнамалық бастама көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады, азаматтардың 12 мыңнан астам өтінішін қарады, жастар мен әйелдерге арналған ірі білім беру жобаларын жүзеге асырып, партияның кадрлық резервін қалыптастырды.

Делегаттар **партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар** енгізуді қолдады. Құжат жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, партияішілік басқару жүйесін жетілдіруге, Орталық аппарат пен өңірлік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ашықтық пен ішкі партиялық демократияны күшейтуге бағытталған. Өзгерістер қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейтуді, өңірлік ұйымдардың рөлін арттыруды және кадрлық рәсімдерді жетілдіруді көздейді.

Съездің негізгі шешімдерінің бірі — **Respublica **партиясының **жаңа сайлауалды бағдарламасын** бекіту болды. Құжат **«Азаматтың игілігі – Жауапты қоғам – Тиімді мемлекет – Қауіпсіз ел»** қағидатына негізделген. Бағдарлама кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, цифрландыру, құқықтық институттарды нығайту, адами капиталды дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты бастамаларды қамтиды.

Бағдарламаны таныстырған **партия төрағасы** **Айдарбек Қожаназаров**:

*«Қазақстанның басты байлығы – жер қойнауындағы қазба байлық емес, оның адамдары. Біз экономиканы тыңдайтын, жаңа салаларды қолдайтын және адал бәсекені қорғайтын мемлекет құру үшін жұмыс істейміз»,* – деді.

**Партияның тең төрағасы** **Динара Шүкіжанова** бағдарламаның индустриялық блогын таныстырып, нақты секторды қолдау басымдықтарына тоқталды. *«Мен машина жасау саласында жұмыс істеймін және қазақстандық өндірушілердің күнделікті кездесетін мәселелерін жақсы білемін. Сондықтан базалық салаларды дамытуға арналған нақты әрі есептелген шешімдер қажет»,* – деді ол.

Съезде **сайлауға қатысатын Respublica** **партиясының кандидаттар тізімі** де бекітілді. 76 кандидаттан құрылған тізім жаңару, кәсібилік және кең қоғамдық өкілдік қағидаттары негізінде жасақталған. Кандидаттардың орташа жасы – **40,9 жас. **Тізімге 44 ер азамат, **32 әйел, 11 жас, мүгедектігі бар 3 азамат,** сондай-ақ **PolitIQ** мектебі мен партияның кадрлық резервінен шыққан **10 түлек** енді.

Делегаттар партия **төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттік мерзімін тағы үш жылға ұзарту** туралы шешім қабылдап, Бақылау-тексеру комиссиясының жаңартылған құрамын бекітті.

**Съезд қорытындысында партия басшылығы Respublica ұйымдастырушылық қалыптасу кезеңін аяқтап, жаңа сайлауалды бағдарламамен, кәсіби командамен және елді дамытуға арналған нақты ұсыныстармен саяси дамудың келесі кезеңіне қадам басқанын мәлімдеді.**

---

Жарияланды: 2026-07-04T10:20:17+06:00

Жаңартылды: 2026-07-04T10:20:17+06:00

Авторлар: [Амин Абдулманов](https://qazaqpress.kz/author/amin-abdulmanov/)

Айдарлар: [Басты](https://qazaqpress.kz/category/basty/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2026/07/04/respublica-sajlaualdy-ba%d2%93darlamasy-men-partiyaly%d2%9b-tizimin-bekitti/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.