«Қазақмыс» «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесінің отырысына қатысты

«Қазақмыс» «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесінің отырысына қатысты

«Әділет» партиясы Іскерлік кеңесінің алаңында партия төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін одан әрі дамыту мәселелеріне арналған отырыс өтті. Іс-шараға саланың жетекші кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қатысты.

Отырысты ашқан Айбек Дәдебай Қазақстанның минералдық-шикізаттық әлеуеті зор екенін атап өтіп, оның отандық өнеркәсіпті дамытуға, жоғары қосылған құны бар өндірістерді құруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ол шикізатты терең өңдеу бағытын жүйелі түрде дамыту мен елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында қатысушылар тау-кен металлургия кешенін дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, отандық өндірушілерді қолдау, кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа өндірістерді іске қосу, шикізатты терең өңдеуді дамыту, инвестициялар тарту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру және инженерлік кадрларды даярлау мәселелері қаралды.

Отырыста сөз сөйлеген «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланың тұрақты дамуы мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимылсыз мүмкін еместігін атап өтті.

«„Әділет“ партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Руслан Өскенәлі.

Отырыс қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы тау-кен металлургия кешенін дамытуға арналған бастамалар топтамасын қалыптастырады. Оның негізіне бизнестің, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өңдеуші өндірістерді дамытуға және Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған ұсыныстары енгізіледі.

«Қазақмыстың» Іскерлік кеңес жұмысына қатысуы компанияның саланы дамытудың стратегиялық мәселелерін талқылауға және тау-кен металлургия кешенінің тұрақты дамуына ықпал ететін бастамаларды қалыптастыруға белсенді атсалысатынын тағы бір мәрте айқындайды.