Respublica саяси партиясы кәсіпкерлікті дамыту, цифрлық экономиканы ілгерілету, жастарды қолдау және платформалық жұмыспен қамту мәселелері бойынша өз ұстанымдарын жариялады.
Кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру
Партияның мәлімдеуінше, кәсіпкерлікті қолдау — негізгі басымдықтардың бірі. Осыған байланысты кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік жүктемені азайту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, негізсіз тексерулерді қысқарту және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау ұсынылады. Сонымен қатар, меншік құқығын қорғау, адал бәсекелестікті дамыту және тұрақты салық саясатын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Цифрлық экономика мен IT-саланы дамыту
Партия Қазақстанның цифрлық экономикасы мен технологиялық кәсіпкерлігін дамытуды қолдайды. Ол үшін цифрлық активтер саласындағы заңнаманы жетілдіру, тәуекелді қаржыландыруды дамыту, стартаптарды қолдау және «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлін күшейту қажет деп санайды. Сондай-ақ, жасанды интеллект пен экспортқа бағытталған IT-секторды дамыту жаңа жұмыс орындарын ашып, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деген пікір білдірді.
Жастарға жаңа мүмкіндіктер
Жастар саясаты аясында партия кәсіпкерлікке оқытуды, тағылымдамалар мен менторлық бағдарламаларды дамытуды, жастар стартаптарын қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуді және жас азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына жағдай жасауды басымдық ретінде қарастырады.
Платформалық жұмыспен қамтуды жетілдіру
Партия цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамтылған азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуді қолдайды. Сонымен қатар, платформалық жұмыстың икемділігі сақталып, цифрлық экономиканың дамуына кедергі келтіретін артық шектеулер енгізілмеуі тиіс деп есептейді.
Негізгі мақсат — экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту
Respublica партиясы кәсіпкерлікті қолдау, заманауи технологияларды дамыту және азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз