«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партия төрағасы ретіндегі өкілеттігін тоқтатуды ұсынып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, саяси ұйымның одан әрі дамуы үшін басшылықтың ауысуы қажет.
«Монополия дамуға кедергі келтіреді»
Мәлімдеме жасаған Азат Перуашев партияның әрдайым өз қағидаттары мен құндылықтарына адал болғанын атап өтті. Алайда, оның пікірінше, алға жылжу үшін жаңа идеялар мен тың көзқарас қажет.
Ол бір адамның ұзақ уақыт бойы партияны басқаруы ұйымның дамуын тежейтінін, сондықтан басшылық құрамының мерзімді түрде жаңарып отыруы маңызды екенін айтты. Өзінің төрағалық қызметтен кету туралы шешімін де осы ұстаныммен түсіндірді.
Сонымен қатар, Азат Перуашев «Ақ жол» партиясы төрағасы қызметіне Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
Партияны он жылдан астам уақыт басқарды
Азат Перуашев «Ақ жол» партиясын 2011 жылдан бері басқарып келеді. Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап Мәжіліс депутаты және партияның парламенттік фракциясының жетекшісі қызметін атқарады.
Саясатқа келгенге дейін Перуашев мемлекеттік органдарда және жекеменшік секторда еңбек етті. Ол «Қазақстан алюминийі» компаниясында басшылық қызметтер атқарған, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасын басқарған.
Азат Перуашев 1967 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Бірнеше жоғары білімі, ғылыми дәрежесі бар. I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Төрт баланың әкесі.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз