Түрлі саладағы кәсіптің тізгінін бір арнаға тоғыстырып, жүйелі жұмысқа айналдыра білген кейіпкеріміз – «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Назгүл Жұмағұлова. Ол тек табыс табуды мақсат еткен кәсіпкер емес, ауыл экономикасын өркендетуді, жаңа жұмыс орындарын ашуды, туған жердің әлеуетін арттыруды көздеген іскер жан.
Ол Батыс Қазақстанның киелі мекені – Бөкей ордасы ауданының топырағында дүниеге келген. Оның еңбек жолы да, өмірлік ұстанымы да осы өлкенің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатыр. Даланың кеңдігі мен ауылдың қарапайым тірлігі бойына сіңген кейіпкеріміздің бизнеске бейімділігі бала кезінде-ақ байқалған.
ДҮКЕН СӨРЕЛЕРІН РЕТТЕП, ТАУАР САНАП…
Тоқсаныншы жылдардың басында анасы ауылда сауда нүктесін ашып, кәсіпке бет бұра бастайды. Ол кезде нарық енді ғана қалыптасып келе жатқан шақ. Тауарды өздері тасиды, өздері сатады. Демалыс кезінде кішкентай Назгүл де дүкенге барып, тауар сатып, есеп жүргізуге көмектеседі. Сөйтіп ол ес білген шағынан бастап сауда-саттықтың, тіршіліктің, табыс пен тәуекелдің ортасында жүріп, еңбекқорлық пен үнемшілдікті, есеп пен жауапкершілікті бойына сіңіріп өсті.

Басқалар балалықтың алаңсыз шағын кешіп жүргенде, ол дүкен сөрелерін реттеп, тауар санап, үлкендердің әңгімесінен нарықтың заңын үйреніп жүрді. Ешкім міндет жүктемесе де, «үйге келген тауарды бүлдірмей, сатып шығару керек» деген ішкі жауапкершілік ерте оянған. Сол жауапкершілік кейін үлкен кәсіптердің іргетасына айналарын ол кезде кім білген?.. Жылдар өте келе кәсіпкерлік оған кейін келген таңдау емес, бала күннен қалыптасқан өмір салтына айналды.
КИІМ САТУДАН БАСТАЛҒАН САУДА
Назгүл Жұмағұлова мектеп бітірген соң қаржы мамандығын тәмамдайды. Кейіннен заңгер, есепші, құрылыс, технология, тағам қауіпсіздігі салалары бойынша білімін толықтырады. Ең алғаш еңбек жолын есепші болып бастап, аудандық мекемелерде, музыкалық мектепте бас есепші қызметін атқарады.
Кейіпкеріміз күйеуге шыққан соң «өз кәсібімді ашайын» деген ниетпен сауда саласына бет бұрады. Алматы мен Бішкек қалаларына барып, киім-кешек тасиды. Кішкентай баламен жүрсе де, тауар тасып, ауылға әкеліп сатады. Одан бөлек мемлекеттік сатып алу саласы енді дамып келе жатқан тұста төсек-орын, ойыншық, түрлі тауарларды тігіп, қаптап, тендерге қатысып көреді. Бұл табандылықтың мектебі еді.
ӘР МЕКТЕПТІҢ АСХАНАСЫН ЖАБДЫҚТАУ ОҢАЙ ЕМЕС
Барлық саладан хабары бар кәсіпкер 2014 жылдан бастап мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету ісіне бел шеше кірісті. Әуелгі қадам оңай болған жоқ. Тәжірибесі әлі толыса қоймаған шақта ол бұл істі анасының жеке кәсіпкерлігі арқылы бастап, нарықтың қыр-сырын меңгеріп, жауапкершіліктің жүгін сезіне жүріп шыңдалды. Уақыт өте келе сенім де, серпін де артты. 2020 жылы Теректі ауданы бойынша 40-тан астам мектептің басым бөлігін жеңіп алып, үлкен жауапкершілікті мойнына алды. Бұл – жай ғана келісімшарт емес, мыңдаған баланың күнделікті ас-ауқатына, денсаулығына, көңіл күйіне тікелей ықпал ететін жауапты міндет еді.

Әр мектептің асханасын жабдықтау, қажетті құрал-жабдықпен қамту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, аспаздарды жұмысқа қабылдау әрі оларды оқыту, бәрі кәсіпкердің тікелей бақылауында. Кейін қызмет ауқымы кеңейіп, ол Теректі, Ақжайық аудандарындағы бірқатар мектептерді ыстық тамақпен қамтыды. Сонымен қатар Казталов, Сырым аудандарының кейбір білім ошақтарына тамақ жеткізу қызметін жолға қойды. Бұл – тек бизнестің кеңеюі емес, әлеуметтік жауапкершіліктің де арта түскенінің айғағы. Сондай-ақ Теректі ауданындағы облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының асханасынан буфет ашып, оқушыларға сапалы әрі қолжетімді тағам ұсыну ісін жаңа деңгейге көтерді. Табандылық пен тиянақтылықты ту еткен кәсіпкер білім ошақтарындағы асханалардың жұмысына жүйелілік енгізіп, жас ұрпақтың сапалы тамақтануына өзіндік үлесін қосып келеді.
ЕРЛЕР ОРТАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ӘЙЕЛ
Ешнәрседен қорықпайтын, әр кез алға жүретін кәсіпкер 2017 жылы тағы бір тосын шешім қабылдап, ауылдан газ құю бекетін ашады. Бүгінде Бөкей ордасы ауданы бойынша қызмет көрсететін жалғыз газ құю бекеті де Назгүл Жұмағұлованың иелігінде.
– Жиналыстарда ер азаматтардың ортасында жалғыз өзі отырамын. Бірақ мен үшін бұл – мәртебе емес, халыққа қызмет. Газ бағасының мемлекеттік реттелуі, логистика, шығын – бәрі оңай емес. Соған қарамастан, шығындары көп болса да, «халық үшін керек» деп ұстап отырмын, – дейді кәсіпкер.
ОТБАСЫЛЫҚ БИЗНЕС – ОРТАҚ КҮШ
Қазіргі таңда кейіпкеріміз әулетімен бірге ауылдағы ең ірі мейрамхана, наубайхана, сауда орындарының иесі. Отбасылық кәсіп әрқайсысының бағытына қарай бөлінген. Бірі –
құрылыс саласында, бірі – тамақ өндірісінде нәтижелі еңбек етуде.
Әр кез қиындықтан қашпай, бірден шешім қабылдайтын Назгүл Жұмағұлова таяуда тағы бір бизнес түрін іске қоспақ ниетте. Оның бастамасымен Федоровка ауылында сүт өңдеу цехының құрылысы аяқталуға жақын. Табиғи сүттен айран, қаймақ, йогурт, ірімшік өндіріп, нарыққа шығару жоспарда. Құжаттары толық рәсімделген соң, жаңа өндіріс іске қосылмақ.
Кәсіпкердің айтуынша, ол ешқашан атақ үшін жұмыс істемеген.
«Маған статус керек емес. Халыққа пайда келтіретін, ертеңгі күні нық тұратын іс керек», — дейді ол.
Оның арманы асқақ, мақсаты биік. Кәсіпкер алдағы уақытта ауылда супермаркет форматындағы жаңа дүкен ашып, жекеменшік балабақша салуды ойластырып жүр. Перзенттеріне де адал еңбекпен нан табуды үйретіп жүрген кейіпкеріміз әр істің берекелі болуы – адамның ниеті мен еңбекқорлығына байланысты екенін айтады.
Кейіпкеріміздің өмір жолы – өзгелерге үлгі боларлықтай-ақ. Оның әңгімесін тыңдай отырып, табыстың кездейсоқ келмейтінін, оның артында жылдар бойғы еңбек, тәуекел мен жауапкершілік жатқанын анық аңғарасың. Табандылығы мен еңбекқорлығының нәтижесінде біраз биікті бағындырған тәуекелі тастай кәсіпкерге біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз!











Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз