Қазақстандық FlyArystan лоукостері Алматы – Инин (Құлжа) – Алматы халықаралық бағытының іске қосылғанына бір жыл толуын атап өтті. Аталған бағыт бойынша алғашқы рейс 2025 жылы 18 мамырда орындалған. Бір жыл ішінде бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын нығайтып, жолаушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие халықаралық маршруттардың біріне айналды.
Рейстің бір жылдығына арналған салтанатты шара Инин халықаралық әуежайында ұйымдастырылды. Іс-шараға әуекомпанияның, әуежайдың, серіктестердің және авиация саласының өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында ресми құттықтау сөздер айтылып, бағыттың дамуына үлес қосқан серіктестерге марапаттар табысталды.
Йохан Эйдхаген, «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры:
«Қытай FlyArystan бағыттық желісін дамытудағы ең қарқынды стратегиялық бағыттардың бірі болып қала береді. Әуекомпания Алматы мен Инин (Құлжа) арасында тікелей әуе қатынасын ашқан алғашқы қазақстандық әуе тасымалдаушысы болғанын ерекше атап өткім келеді. Рейстің алғашқы жылы ішінде Алматыдан ұшатын рейстердің ең төменгі тарифі 17 000 теңгеден басталды, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын жолаушылар үшін бұрынғыдан да қолжетімді ете түсті. 2026 жылы рейстер жиілігінің аптасына төрт ретке дейін артуы жолаушыларға жолаушыларға тиімді әрі қолайлы сапар нұсқаларын ұсынуға мүмкіндік береді».
2026 жылы FlyArystan Қытайға халықаралық маршруттық желісін кеңейтуді жалғастыруда: әуекомпания Астанадан Үрімшіге рейстерді қайта іске қосып, Ақтау – Үрімші және Алматы – Сиань жаңа бағыттарының ашылғанын жариялады.
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан Инин (Құлжа) қаласы қазақ диаспорасы шоғырланған маңызды орталықтардың бірі саналады. Алматы – Инин бағытының іске қосылуы екі қала арасындағы жол жүру уақытын айтарлықтай қысқартты: жерүсті көлік түрлерімен сапар орта есеппен шамамен 10 сағатқа созылса, әуе рейсі бір сағаттай уақыт алады.
Бүгінде бұл бағыт туыстары мен жақындарына сапарлайтын жолаушылар арасында ғана емес, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасына жақын орналасуына байланысты туристер мен іскерлік орта өкілдері арасында да тұрақты сұранысқа ие.
Әуебилеттері www.flyarystan.com ресми сайтында, мобильді қосымшада және басқа да ресми сату арналары арқылы брондауға қолжетімді.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз