Қазақстандық лоукостер FlyArystan Алматы – Сиань – Алматы бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің іске қосылатынын хабарлайды. Жаңа бағыт әуекомпанияның Қытайдағы желісін кеңейтіп, Қазақстан мен Азияның ең көне мәдени орталықтарының бірі арасындағы саяхат мүмкіндіктерін арттырады.
Маршрут бойынша алғашқы рейс 2026 жылғы 30 маусымға жоспарланған. Ұшулар аптасына 2 рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Алматыдан ұшу уақыты 21:25-ке, ал Сианьға келу уақыты – келесі күні жергілікті уақыт бойынша 04:50 жоспарланған. Кері рейс сәрсенбі және сенбі күндері орындалып, Алматыға 08:20-да келіп қонады.
Йохан Эйдхаген, «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры:
«Сианьға рейстің ашылуы FlyArystan маршруттық желісін кеңейтумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам деуге болады. Біз Алматыны Азияның ең көне әрі маңызды қалаларының бірімен байланыстырып, саяхат, бизнес және мәдени алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз. Алматы халықаралық мобильділіктің негізгі нүктесі болып қала береді, ал біздің міндетіміз – осындай бағыттарды көбірек адамдар үшін қолжетімді ету. Біз Қытайға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз және соған жауап ретінде ұшу географиясын кеңейтіп, жиі, жеңіл және қолжетімді саяхаттың жаңа мәдениетін қалыптастырып келеміз».
Сиань – Қытайдың ең көне қалаларының бірі және бірнеше қытайлық әулеттердің бұрынғы астанасы. Қала Ұлы Жібек жолының бастау нүктесі ретінде белгілі және бүгінгі таңда елдің ірі мәдени, білім беру және өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналады. Негізгі көрікті орындардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген әйгілі Терракот әскерін атап өтуге болады.
Алматы – Сиань рейстеріне стандартты тарифпен билет құны бір бағытқа 87 000 теңгеден* басталады. Әуебилеттерін www.flyarystan.com ресми сайтынан, мобильді қосымша және басқа да сату арналары арқылы брондауға болады.
Халықаралық маршруттық желіні дамыту FlyArystan-ның негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Air Astana тобы Қытай нарығындағы өз қатысуын белсенді түрде кеңейтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы рейс жиілігін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам арттырды. Жаңа бағыт Air Astana тобының халықаралық маршруттық желіні кеңейту және қарқынды дамып келе жатқан Азия нарықтарындағы позициясын күшейту стратегиясына сәйкес келеді.
*Баға валюта бағамының өзгеруіне байланысты аздап өзгеруі мүмкін.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз