«Саби» қоры L’aroush зергерлік үйімен бірлескен қайырымдылық коллаборациясын жалғастыруда. Оның аясында «Амулет» топтамасындағы бұйымдарды сатудан түскен қаражаттың 5%-ы Қазақстандағы медициналық және әлеуметтік мекемелерді қолдауға бағытталады.
Бүгінгі таңда жиналған қаражаттың арқасында еліміздің екі медициналық мекемесіне балаларды емдеу және оңалтуға арналған арнайы жабдық сатып алынды. Жабдық берілген алғашқы мекеме — Атырау облыстық балалар ауруханасы. Аталған ауруханаға 20 хирургиялық аспиратор, 19 пульсоксиметр, 15 компрессорлық ингалятор, 11 мүгедектер арбасы, 5 медициналық арба, 3 автоматты тонометр және 2 тыныс шығарудың ең жоғары жылдамдығын өлшейтін индикатор жеткізілді.
«L’aroush үшін әшекей бұйымдардың тек эстетикалық құндылық қана емес, сонымен қатар игі әрі маңызды өзгерістердің бір бөлігіне айналуы өте маңызды. “Амулет” топтамасы ерекше мағынамен жасалды, және оның арқасында медициналық мекемелерді қолдауға үлес қосып, балалардың қажетті ем мен күтім алуына көмектесе алатынымызға қуаныштымыз», — деп атап өтті L’aroush зергерлік үйінің тең құрылтайшысы Аруа Суендыкова.
Бұл жабдықтар дәрігерлерге кішкентай пациенттердің жағдайын жедел әрі дәл бақылауға, ем-шараларды тиімді жүргізуге және шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Аспираторлар, ингаляторлар және тыныс шығарудың ең жоғары жылдамдығының индикаторлары тыныс алу жолдары аурулары бар балалар үшін ерекше маңызды, пульсоксиметрлер қандағы оттегі деңгейін жедел бақылауға көмектеседі, ал мүгедектер арбалары операциядан кейінгі балаларға қозғалыс еркіндігі мен жайлылық қамтамасыз етеді.
Екінші бенефициар ретінде жүйке жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар балаларға арналған Алматы қаласындағы «Балдаурен» балаларды оңалту орталығы анықталды. Аталған мекемеге 2 дарсонвализация және ультратональды терапия аппараты, сондай-ақ 2 магнитотерапия аппараты сатып алынып, табысталды.
Физиотерапиялық жабдықтар жарақаттардан, операциялардан және неврологиялық аурулардан кейін қалпына келу үдерісінде шешуші рөл атқарады. Дарсонвализация мен магнитотерапия қан айналымын жақсартуға, қабыну үдерістерін азайтуға, тіндердің қалпына келуін жеделдетуге және баланың ағзасын жалпы нығайтуға ықпал етеді.
Осылайша, акция аясында әшекей бұйым сатып алған әрбір тұтынушы балалардың денсаулығына өз үлесін қосты. «Саби» қоры мен L’aroush зергерлік үйінің бұл қайырымдылық бастамасы бизнес пен қайырымдылықтың күш біріктіруі Қазақстандағы медициналық мекемелерді жүйелі түрде қолдауға мүмкіндік беретінінің тағы бір айқын мысалы болды.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз