Жаңа Конституция жобасы туралы түрлі саланың мамандары пікірлерін білдіріп жатыр. Әсіресе адамға бағдарланған мемлекет моделі, білім мен цифрландырудың мәртебесі айқындалуы көптің көңілінен шыққан. Сенат жанындағы талдау мектебінің түлегі, Assistant Professor Astana IT UNIVERSITY, PhD Әлия Қанатова да адам құқықтарының ең жоғарғы құндылық ретінде бекітілуін жаңа Конституцияның басты ерекшелігі ретінде атады.
«Мен бұл мәтінді жай шолып шыққан жоқпын. Арнайы отырып, салыстырып, әр нормасына кәсіби көзқараспен қарадым. Себебі мен үшін бұл тек құқықтық құжат емес, білім, ғылым және цифрландыру салаларында жұмыс істейтін маман ретінде болашақтың бағытын айқындайтын стратегиялық негіз», деп ойымен бөлісті ол.
Сарапшы жоба мәтініндегі өзін ерекше қуантқан бірнеше маңызды бағытты атап өтті.
«Біріншіден, цифрлық құқықтар. Алғаш рет азаматтың құқықтары цифрлық кеңістікте де қорғалатыны нақты жазылды. Жеке деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді заңсыз жинауға шектеу қою – мұның бәрі қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Бүгінде біздің өміріміздің жартысы интернетте өтеді: мемлекеттік қызметтер, білім алу, қаржы операциялары, ғылыми жұмыс. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік – адамның жеке бостандығының бір бөлігі. Ал оның Конституциялық деңгейде бекітілуі – мемлекеттің осы жауапкершілікті мойындағанының белгісі», дейді ол.
Әлия Қанатова білім мен ғылымға берілген басымдықты да Ата заң жобасының артықшылығы ретінде бағалады.
«Құжатта білім, ғылым, инновация және интеллектуалдық әлеует ел дамуының негізгі тірегі ретінде айқындалды. Бұл – өте маңызды сигнал. Себебі ХХІ ғасырда мемлекеттің байлығы – адами капитал. Университеттер, зерттеушілер, оқытушылар үшін бұл – еркін ғылыми шығармашылыққа, зияткерлік меншікті қорғауға, жаңа технологияларды енгізуге құқықтық негіз», дейді Ә.Қанатова.
Сарапшының атап айтқан үшінші мәселесі – әлеуметтік және гуманистік бағдар. Оның сөзінше, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту, тең мүмкіндіктер қағидаты – қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды нормалар қатарында.
«Мен үшін ең маңыздысы – бұл өзгерістердің барлығы теорияда ғана қалып қоймауы. Конституция – бағыт. Ал сол бағытты іске асыратын біз: ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, жастар. Жаңа мәтінді оқи отырып, мен бір нәрсені анық сезіндім: біз қызмет көрсететін мемлекеттен – білімге, деректерге және технологияға сүйенетін мемлекетке өтудің құқықтық негізін қалыптастырып жатырмыз», дейді сарапшы.
Сондай-ақ Ә.Қанатова өз сөзінде жаңа жоба «болашақтың Конституциясы» екенін, ал сол болашақты бірге құру бәрімізге артылған ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз