Қазақстанның саяси өміріндегі тарихи кезең — 2026 жылғы 15 наурызға жоспарланған жалпыхалықтық референдум қарсаңында ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы тек мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, әрбір азаматтың ХХІ ғасырдағы ең басты құндылығы — цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін заң деңгейінде бекітуді көздейді. Технологиялардың қарқынды дамуы мен жасанды интеллект дәуірінде адамның жеке деректерін, банктік құпиясын және цифрлық ізін қорғау мәселесі Негізгі Заңның басым бағыттарының біріне айналып отыр.
Жаңа Конституция жобасының басты жаңалықтарының бірі — цифрлық ортадағы адам құқықтарын кепілдендіру. Бұл азаматтардың дербес мәліметтерін заңсыз жинаудан, өңдеуден және таратудан қорғайтын берік құқықтық қалқан болады. Бүгінгі таңда кибералаяқтық пен деректердің жылыстауы жиілеген жағдайда, мұндай нормалардың конституциялық мәртебеге ие болуы мемлекеттің өз азаматтары алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар азаматтардың банктік шоттары мен қаржылық операцияларының құпиялылығына берілетін кепілдіктер нарықтық экономикадағы жеке тұлғаның еркіндігі мен экономикалық қауіпсіздігін нығайта түспек.
Ұсынылып отырған реформаның тағы бір маңызды қыры — «цифрлық із» және оны басқару құқығы. Бұл дегеніміз, адамның ғаламтордағы әрекеттері мен ол туралы ақпарат оның жеке өмірінің бөлігі деп танылып, қажет болған жағдайда өзектілігін жойған деректерді өшіруді талап етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан» қағидатына сай, адам құқығын цифрлық әлемде де толыққанды қорғауды мақсат етеді. Бұл қадам еліміздің заман талабына сай демократиялық және технологиялық тұрғыдан жетілген мемлекет ретіндегі беделін нығайтып, азаматтардың болашаққа деген сенімін арттыратын маңызды тарихи шешім болмақ.












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз