Пайдаланушылардың қауіпсіздігі — OLX.kz платформасының негізгі басымдықтарының бірі. 2025 жылы OLX Қазақстан командасы күмәнді әрекеттермен, тыйым салынған тауарлармен және сервис ережелерін бұзумен күрес бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып, адал сатушылар мен сатып алушылар үшін барынша қауіпсіз орта қалыптастыруға ұмтылды.
Өткен жылы платформа пайдаланушыларды қорғау шараларын күшейтіп, жосықсыз контентке қарсы күрестің қосымша тетігін — Stop Alayaq («Стоп алаяқ») жобасын іске қосты. Бұл бастама платформаға деген сенімді арттыруға және онлайн хабарландырулар саласындағы күмәнді схемаларды жедел анықтауға бағытталған.
Жоба аясында пайдаланушылар күмәнді хабарландырулар туралы тікелей хабарлау мүмкіндігіне ие болды. Барлық өтініштер модерация командасының тексеруінен өтеді, ал бұзушылық расталған жағдайда хабарландыру және оған байланысты аккаунт бұғатталады. Қосымша ретінде пайдаланушыларға алаяқтықтың кең таралған схемаларын тануға және сервисті қауіпсіз пайдалануға көмектесетін ақпараттық бейнероликтер іске қосылды.
Команданың жүйелі жұмысының арқасында платформа пайдаланушылары үшін қауіпсіз орта қалыптасты: бір жыл ішінде OLX Қазақстанның қауіпсіздік қызметі — жаңылыстыратын ұсыныстардан бастап қауіпті немесе заңсыз тауарлар мен қызметтерге қатысты контентке дейін — орналастыру ережелерін бұзған 2 миллионнан астам хабарландыруды жойды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде пайдаланушылардың кері байланысы да маңызды рөл атқарады. Бір жыл ішінде модерация командасы күмәнді хабарландыруларға қатысты 650 000 шағымды өңдеп, олардың әрқайсысын қарастырды.
Визуалды контент сапасына да ерекше назар аударылды, атап айтқанда платформа ережелеріне сәйкес келмейтін фотосуреттері бар 50 000 хабарландыру жойылды — оның ішінде бөгде суреттерді пайдалану және тыйым салынған материалдар да бар. Сонымен қатар платформа тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді жүйелі түрде анықтап отырды: заңнама талаптары мен жауапты бизнес қағидаттарына сәйкес осындай 390 000 хабарландыру жойылды.
Платформа сондай-ақ бұзушылықтардың жолын белсенді түрде кеседі: бір жыл ішінде 655 000 аккаунт бұғатталды, олардың қатарында фишингпен, пайдаланушылардың жеке деректерін алуға бағытталған әрекеттермен және онлайн алаяқтықтың басқа да түрлерімен байланысты аккаунттар бар. Ең кең таралған схемалардың қатарында алдын ала төлем талап ету, фишинг (интернет-алаяқтықтың бір түрі, онда алаяқтар жалған сайттар немесе хабарламалар арқылы пайдаланушылардың құпия деректеріне қол жеткізеді) және жалған жеткізу қызметі бар.
Бұл шаралардың барлығы Қазақстандағы OLX платформасының миллиондаған пайдаланушылары үшін неғұрлым қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастыруға бағытталған дәйекті қадамдар болып табылады. Сонымен қатар пайдаланушылардың өздерінің мұқият болуы да маңызды: бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жасау, күмәнді сілтемелерге өту немесе жеке және төлем деректерін үшінші тұлғаларға беру ұсынылмайды. Цифрлық гигиенаның негізгі ережелерін сақтау онлайн мәмілелер кезінде тәуекелдерді едәуір төмендетеді.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз