Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Тарих және құқық факультеті, Гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Талғат Жанысбай Ұлттық құрылтайдың өткен отырысында Тоқаевтың сөйлеген сөзіне пікір білдірді.
«Қазақстан халқы әлі өз-өзін танып, болмысы қалыптасып үлгермей жатып жаһандану үдерісі әсер етіп жатыр. Бұған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамуын қосыңыз. Осындай сәтте өзіміздің кім екенімізді білу өзекті бола түсті.
Ұлттық құрылтайда Тоқаев осындай кезеңде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың маңызы артқанынан назар аударды. Президент ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін төл тарихымызды, мәдениетімізді электронды форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосу керек дейді.
Түсінген адамға, бұл өте күрделі әрі қажетті дүние. Өйткені цифрлы технология дамып, жасанды интеллект «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылып жатқанда, идеологиялық дербестігімізді сақтап қалу керек.
Сондықтан шығар, Тоқаев халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қорын құру ұсынысына қолдау білдіріп отыр. Мұндай жоба тарихымызды, мұрамызды, мәдениетімізді сақтап қалуға жол ашады. Оны терең зерделеуге мүмкіндік береді.
Мысалы, батыс елдерінде Nexis деген газет-журналдар онлайн дерекқоры бар. Ішінде ғасырлар бойы шығып келе жатқан басылымдардың тігінділерін табуға болады. Өкінішке қарай, біздің елде мұндай цифрландыру әлі қалыптаспады. Қателеспесем, «Егемен Қазақстан» газеті ғана бүкіл архивін цифрлы форматқа көшірді-ау. Мұндай жұмыстарды кейінге қалдыруға болмайды. Меніңше, «Ұлттық цифрлық мұра» ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, мұражай қорларын және өнер туындыларын жүйелеуге мүмкіндік береді», — деп жазды Жанысбай өзінің Facebook-парақшасында жазды.












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз