2 қазан күні NRB Studios пен Golden Man бірлесіп дайындаған жаңа «ӨZIMIZ» комедиясы көрерменге жол тартты.
Сериалдың оқиғасы жас футболшы Сабыржанның төңірегінде өрбиді. Карьерасынан айырылып, қарызға батқан жігіт әпкесінің ауылына келіп, тыныштық таппақ болады. Күтпеген жерден ол жергілікті әуесқой командаға қосылып, ауыл өмірінің қызу ортасына түседі. Әзіл мен тұрмыстық қиындықтардан басталған бұл жол біртіндеп шынайы футбол тартысына ұласады.
Жобаның продюсерлері – Максим Акбаров («Дала қасқыры», «SHULAMAH») және Дәурен Жүсіпов. Режиссер әрі шоураннер – Олжас Нұрбай («Мошенники», «Сәке 2»). Сценарийді Медет Аманбаев («Патруль», «Ауылдастар») пен Марсел Апсаматов жазды.
Басты рөлдерді Дастан Қалдыбаев («Квартиранттар», «Донор»), Дәулет Жанболат («Миллионеры из общаги», «Aool House»), Ару Сайранбаева («Шеше», «Тырна»), Ерболат Әлқожа («Жездуха», «Сәке») және Думан Нұрбаев сомдады.
Түсірілім барысы да ерекше болды: актерлер футболға жақын болғанымен, күрделі трюктерді орындауда каскадёрлер көмектесті. Соның арқасында команда біртұтас болып ойнады. Сериал бар-жоғы 14 күнде түсірілсе де, түсірілім алаңында жылы да достық атмосфера қалыптасты. Ал, Дастан Қалдыбаев түсірілім барысында жас кезін есіне алды:
«Түсірілім кезінде әрдайым жайдарлы көңіл күйде болдым, өйткені бұл сериалда жастар көп. Олардың арасында жүріп, әзіл қалжыңдарын, бір-бірімен ойнағандарын көріп, өзімді жас сезініп қалғаным болды», – дейді актер.
Жылы естеліктер тек оны ғана емес, басты кейіпкер Сабыржанның рөлін сомдаған Дәулет Жанболатты да толқытып өтті. Ол бала кезінде кәсіби футболмен 7 жыл айналысып, футбол туралы үлкен жобада түсуді армандаған:
«Бұл рөлді сомдау мен үшін аса қиын болған жоқ. Ең бастысы – режиссер Олжас Нұрбаймен жақсы байланыс орнады. Ол маған уақыт бөліп, кейіпкерім жайлы барынша түсіндіріп берді».
Алғашқы екі серияны сілтеме арқылы көріңіздер:
2 қазаннан бастап «ӨZIMIZ» сериалын Alma TV, Unico Play, BeeTV және TV+ платформаларынан тамашалаңыздар!












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз