Алматы өткен аптада BeWoman Asia 2025 форумының ырғақтарымен өмір сүрді. Бұл форум әйел-көшбасшыларды, кәсіпкерлерді, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін біріктірді. Аймақтың болашағын, инновацияларды және XXI ғасырдың құндылықтарын талқылау үшін үш мыңнан астам қатысушы келді. Бар болғаны екі күн ішінде форум 7 түрлі сахнада 18 сағаттан астам диалогтар, мастер-кластар мен жеке сессиялар өткізді.
Басты тақырып — «The Power of Generations / Ұрпақтар күші» — форумның бағытын айқындады: аға буынның тәжірибесі мен жас буынның энергиясын біріктіріп, тұрақты әрі әділетті қоғам құру.
Форум спикерлері қатарында 20 елден келген қатысушылар болды. Олардың арасында — бестселлер авторы Брайан Трейси мен оның қызы доктор Кристина Трейси Стейн (АҚШ), Women in Tech негізін қалаушы Аюми Мур Аоки (Франция), Damiani Group вице-президенті Сильвия Дамиани (Италия), стратег Фабиана Сантана (Бразилия), голливудтық продюсер Дана Лустиг (АҚШ), бизнес-коуч Ирина Хакамада (Ресей), қоғам қайраткері және кәсіпкер Диора Усманова (Өзбекстан), дауыс жөніндегі сарапшы Седа Каспарова (Ресей), Reinvention Academy негізін қалаушы доктор Надя Жексембаева (АҚШ), инвестор Люси Чоу (БАӘ) және басқа да танымал тұлғалар бар.
Форумның Қазақстанда өтуі кездейсоқ емес. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева атап өткендей, елімізде әйелдердің рөлі ерекше: «Біздің әйелдер — ел экономикасының нақты қозғаушы күші. Әйелдердің сауаттылық деңгейі — 99,9%. Әр бесінші әйелдің жоғары білімі бар. Ғылым саласында зерттеушілердің 55,7%-ын әйелдер құрайды. Мемлекеттік қызмет жүйесінде әйелдердің үлесі — 55,8%. Судьялар корпусының 53%-ы және Парламент депутаттарының шамамен 20%-ы — әйелдер».
Форумның негізін қалаушы, меценат Жанна Кан BeWoman жобасының миссиясын былай сипаттады: «Біз – қоғамды прогрессивті, шығармашыл және адами ету миссиясын мойнына алатын алғашқы буын әйелдерміз. Мемлекетке, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Каринге және министр Айда Балаеваға сенім мен қолдау үшін зор алғыс айтамын. Сондай-ақ Алматы әкімдігіне, Қамқоршылар кеңесіне, серіктестер мен патрондарға ризашылығымды білдіремін».
Форум сахналарында экономика мен қоғамның болашағына әсер ететін маңызды тақырыптар қозғалды. Caspian Group және Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы, девелопер және меценат Юрий Цхай жаңа Alatau City жобасы туралы айтты: «Армандар әрекетке айналмаса — мәнсіз. Табыстың кілті – еңбекте және адамдарды ортақ мақсатқа біріктіре білуде. Alatau City — осындай жоба. Ол менің өмірімнің бір бөлігіне айналды және басқалар үшін де өсім нүктесі боларына сенемін».
Оның айтуынша, жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады: «Мемлекет инфрақұрылымдық және құқықтық негізді қамтамасыз етті — бұл үшін ризамыз. Бірақ барлық қаржыландыру мен құрылыс инвесторлардың мойнында. Бұл жоғары жауапкершілік пен ұзақ мерзімді міндеттемені білдіреді».
Қаржы қауіпсіздігі мен жаңа бизнес қағидалары да талқыланды. Еуразиялық банк басқарма төрайымы Ләззат Сәтиева ескертті: «Көпшілік 90-жылдардағы қаржы пирамидаларын еске алады. Цифрлық дәуірде жылдам табысқа ұмтылу дәл сондай салдарға әкеледі».
Freedom Holding Corp. тұрақты даму жөніндегі бас директоры Баглана Мусина табыстың жаңа формуласын ұсынды: «Бүгінде сенім — жаңа валюта. ESG — енді сән емес, болашақ табысының формуласы».
Кәсіпкер және инвестор Оскар Хартманн атап өтті: «Қателіктер адамды жеңістерден гөрі тереңірек тәрбиелейді — олар болашақ жетістіктің іргетасы».
Өзбекстаннан келген кәсіпкер Диора Усманова залдан ерекше қошемет алды: «Менің өзіндік құным — айналамдағы пікірге, жетістіктеріме немесе сыртқы келбетіме тәуелді емес. Ол — менің жанымның жаратылысынан берілген қасиет».
Колумбия университетінің профессоры Рита МакГрат әлемдік өзгерістер контекстінде айтты: «Стратегиялық сын нүктелері әлемді өзгертеді. Осындай сәттерде Қазақстан өз болашағын қайта жаңғырта алады».
Форумға UNESCO, UNICEF, UN Women, Дүниежүзілік банк, ЕҚЫҰ, сондай-ақ Harvard және Duke университеттерінің өкілдері қатысты.
ЮНИСЕФ өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар айтты: «Кез келген ел үшін ең тиімді инвестиция — балалардың білімі мен денсаулығына салынған инвестиция. Онсыз адами капиталдың да, экономиканың да құны төмендейді».
Форумда Илья Ильин де сөз сөйледі. Төрт дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы өз тәжірибесімен бөлісіп: «Нағыз лидер пьедесталда емес, қиындық кезінде орнынан тұра білген сәтте туады. Тәртіп, табандылық және ішкі күш — спортта да, бизнесте де жеңістің формуласы», — деді.
«Үнсіздік құны: тәуелділіктер туралы шындық» атты панельдік сессияда психикалық денсаулық тақырыбы қозғалды.Асанәлі Сушенов, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психотерапевті, айтты: «Қазақстанда лудоманиямен (ойын тәуелділігімен) ауыратындар ресми мәліметтен әлдеқайда көп. Себебі адамдар ем алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінбейді».
Форумның қорытындысы ретінде жеті елдің әйел-көшбасшылары қол қойған Алматы декларациясықабылданды — ынтымақ пен бірліктің символы.
Форум мәдени бағдарламамен де толықты. Шетелдік қонақтар «Целинный» заманауи мәдениет орталығында, Орталық мемлекеттік музейде және Іле Алатауының табиғи бағыттарында болды.«Drawing the Future / Болашақты бейнелеу» жас суретшілер байқауының көрмесінде қырғыз суретшісі Айдана Турумбекованың «Коргоо» атты туындысы ерекше танылды. Бұл картина Marie Claire Kazakhstanжурналының арнайы шығарылымының мұқабасына айналады — бұл халықаралық франшиза тарихындағы алғашқы жағдай, мұнда бүкіл нөмір Орталық Азия әйелдеріне арналмақ.
2024 жылы құрылған сәттен бастап BeWoman Asia Орталық Азиядағы ең ірі әйелдер көшбасшылығы платформасына айналды. Жоба — қоғамдық бастама, оны 4 елден 150-ден астам патрон қолдайды. Онлайн және офлайн форматтарда форум 20 елден 15 мыңға жуық қатысушыны, 230-дан астам халықаралық сарапшы мен 320-дан астам бизнес-патронды біріктірді. Цифрлық қамтуы — 50 миллионнан астам адам. Биыл стратегиялық медиа серіктес ретінде алғаш рет CNN халықаралық желісі қатысты.
Ұйымдастырушылар келесі форумды 2026 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткізуді жоспарлап отыр.
Форумды өткізуге Алматы қаласы әкімдігі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Еуразиялық банк, Freedom Holding Corp., Қазцинк, BI Group, Lancaster Group, Turkish Airlines, Koktobe Hall, Constella зергерлік бренді және басқа да әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компаниялар қолдау көрсетті.












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз