Инвестициялар тек мамандарға тән іс болудан шығып, күнделікті қаржылық мәдениеттің бір бөлігіне айналуда. Бүгінгі таңда қор нарығына қол жеткізу барынша оңайланды: тек смартфон, мессенджер және арнайы қосымша жеткілікті. Алайда, ыңғайлылықпен бірге жаңа сын-қатер — FOMO пайда болды, яғни пайданы жіберіп алу қорқынышы, ол жеке инвесторлардың шешімдеріне барған сайын әсер етіп отыр.
«Робокэш.кз» МҚҰ сарапшылармен бірлесе отырып, бұл құбылыстың қалай қалыптасатынын, ол қандай қателіктерге әкелетінін және инвесторға шексіз жаңалық ағынында рационалдылық пен салқынқандылықты қалай сақтауға болатынын зерттеді.
Қазақстандық жеке инвесторлар арасында жүргізілген BCC Invest инвестициялық компаниясы мен «Робокэш.кз» МҚҰ-ның бірлескен зерттеуі мынадай нәтижелерді көрсетті:
- инвесторлардың 34,8%-ы стратегияны қатаң ұстанады;
- 43,5%-ы мерзімді түрде FOMO-ға тап болады, бірақ эмоцияларын басқарады;
- 13%-ы бұрын пайданы жіберіп алудан қорқатын, бірақ уақыт өте келе салқынқанды болды;
- 8,7%-ы пайданы жіберіп алудан қорқып, шыңында активтерге үнемі кіреді.
Бұл нәтижелер эмоционалдық фактордың инвесторлардың едәуір бөлігінің шешімдеріне айтарлықтай әсер ететінін растайды.
FOMO дегеніміз не және ол инвестордың санасын қалай «басып алады»?
FOMO (Fear of Missing Out — табыс мүмкіндігін өткізіп алу қорқынышы) — пайда әкелуі мүмкін трендтен артта қалмауға деген иррационалды ұмтылыс. Әлеуметтік желілер мен ақпараттық шу әсерінен бұл эффект күшейеді: криптовалюта немесе қор нарығындағы табысты мәмілелер туралы жаңалықтар жиі импульсивті әрекеттерге әкеліп, инвесторларды осындай активтерге инвестиция салуға итермелейді.
«FOMO көбінесе нақты стратегиясы жоқ және әлеуметтік желілердің эмоционалды әсеріне бейім инвесторларда байқалады. Бұл тек білімсіздік емес, бұл қаржылық дайындықтың жоқтығымен көбейген сандық алаңдаушылық. Нәтижесінде адамдар қаражатынан ғана емес, өз мақсаттарын бақылаудан да айырылады», – дейді Vitis инвестициялық қорының басқарушы директоры Ольга Эм.
Сарапшы атап өткендей, мұндай жағдайларда табыс мүмкіндігін өткізіп алу қорқынышы шығынға ұшырау қорқынышынан күштірек болатынын нақтылайды. Бұл визуалды табысты көрсету эффектісіне ұқсас, яғни сыртқы көрініс нақты қаржылық жағдайдың орнын басады.
Мұндай мінез-құлық негізінде қаржылық нәтижеге емес, мәртебеге ұмтылу ғана жатыр және инвесторлар арасындағы мұндай мінез-құлық үлгісі жаппай сипатқа ие болуда.
Бизнес-жаттықтырушы және қаржылық сауаттылық мектебінің директоры Ақжүніс Брасилова FOMO инвестициялық сауатсыздықты ынталандырып, адамның «ойында болу» қажеттілігін пайдаланатынын, әсіресе қаржы мәселесіне қатысты мүмкіндікті жібермейтінін атап өтті.
«Егер бұрын қаржылық стратегия негізінен қолдағы активтерді сақтауға бағытталған болса, бүгінгі күні әлеуметтік желілер жоғары табысқа ұмтылуды қалыптастырады. Адамдар көп табыс табатын, бәріне үлгеретін және жұмыс істемей-ақ «кемел жетістікке жету» бейнесін көрсету де осы табыс жарысына қатысуға итермелейді. Өйткені, онлайн кеңістікте біз жеңілістерді емес, тек жеңістерді көреміз, бұл мүмкіндікті жіберіп алу қорқынышын тудырады. Әлемнің мұндай бұрмаланған картинасында қауіп-қатер ретінде емес, мүмкіндік ретінде қабылданады», – дейді Ақжүніс Брасилова.
FOMO психологиясы
Психолог Надия Бөкейханова атап өткендей, табыс мүмкіндігін өткізіп алу қорқынышының күшеюі құндылықтардың өзгеруімен емес, адам жауап беретін сигналдар жүйесінің өзгеруімен байланысты екенін атап өтті. Бұрын жоғалту қорқынышы нақты қауіп-қатерлермен – үйден, жұмыстан, денсаулықтан айырылумен байланысты болатын. Бүгінгі таңда мүмкіндіктен айырылу қорқынышы бірінші орынға шығып отыр. Өзін үнемі басқалармен салыстыру ішкі бағалау критерийлерін бәсеңдетеді.
«Адамдар «ешкім болудан» қорқады. Мен адамдардан «Айналамдағылардың бәрі бірдеңеге қол жеткізді, ал мен…» дегенді жиі естимін. Осының аясында жаппай инвестициялау сандарға емес, алаңдаушылыққа, тапшылыққа және қиялға толы қандай да бір эмоциялық көпіршікке айналады», – деп түсіндіреді Надия Бөкейханова.
Мұның бәрі адамдардың жалғыз мүмкіндікті жіберіп алғандай сезімнен құтылу үшін бейсаналы түрде инвестиция жасай бастауына әкеледі. Уақыт өте келе «басқа жерде әрдайым маңыздырақ нәрсе болып жатыр» деген иллюзия қалыптасады.
Нәтижесінде, адамдарда базалық қабылдамаушылық қорқынышы іске қосылады, бұл олардың бағдарлау жүйесін сыртқа қарай ығыстырады, – дейді Надия Бөкейханова. Мұндай эмоционалды жүктеме аясында FOMO көбіне қате шешімдерге итермелейді.
Қазақстандық болмыстағы FOMO
Егер бұрын инвестициялар кәсіби мамандар мен ауқатты адамдар үшін күрделі әрі «жабық» іс ретінде қарастырылса, соңғы жылдары жағдай түбегейлі өзгерді және нарық әлдеқайда демократиялық сипатқа ие болды. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы үш жылда ғана брокерлік шоттары бар қазақстандықтардың саны 5 есеге артты. Бір жағынан, бұл жақсы, алайда өзгешеліктер бар.
Жаңадан келген инвесторлар көбінесе қаржылық жастықсыз, сыртқы ықпалдың әсерімен шешім қабылдауда. Жоғары және тез табысқа үміттеніп, олар соңғы қаржыларын салады, нақты инвестициялық құралдың қалай жұмыс істейтінін түсінбей, нарықтың құбылмалылығын ұмытады.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, тіпті инвесторлар үшін тұрақтылықтың тірегі болып көрінген және олар белсенді түрде қаражат салған компаниялардың акциялары құлдырауда. Бұл FOMO-ның салдарының бірі болып табылады.
Мысалы, Air Astana әуе компаниясы IPO-ға қадам басқаннан кейін, оның акциялары күрт арзандай бастады. QAMS миноритарлық акционерлер қауымдастығы 2024 жылғы ақпанда өткен Air Astana IPO-сын инвесторлар үшін жылдың сәтсіздігі деп атады, себебі бір жыл ішінде әуе компаниясының акциялары 30%-дан астамға құлдырады.
Сарапшылар сонымен қатар әр уақытта FOMO-ға берілгендерін мойындайды. «Мен осындай жағдайға тап болдым: пайданы жоғалтып алу қорқынышы жаңа хайпқа «алданып қалуға» мәжбүр етті», – деп еске алады Ольга Эм. «Бәрі ұмытылмас сабақпен аяқталды, шығынның скриншоты архивте қалды. Содан бері FOMO тек сапалы активтер үшін жұмыс істейді: баға төмендегенде, бірақ құндылығы сақталған кезде».
Ақжүніс Брасилова да осыған ұқсас оқиғаны айтып берді: ол қол жеткізген пайдасын бекітудің орнына, одан да үлкен өсімге үміттеніп тәуекелге барған. Алайда нәтиже керісінше болып, тренд құлдырады. Оның үстіне құлдырау алдыңғы өсімнен бірнеше есе күшті болды.
Инвестициялық қорқынышты қалай тануға және жеңуге болады
Тарих көрсетіп отырғандай, жаппай инвестициялау көбінесе дотком, крипто-эйфория немесе ІРО төңірегіндегі дүрлігумен аяқталады. Тәуекелдерді көріп, саналы түрде инвестициялауға қаржылық сауаттылық көмектеседі. Сарапшылар эмоциялық шешімдерден бас тартудың бірнеше тәсілін атайды:
- Уәждемені тексеру: «Неге инвестиция салғым келеді? Бұл эмоция ма, әлде есеп пе?»
- Табыс пен тәуекел арақатынасы: уәде етілген пайда неғұрлым жоғары болса, ықтимал шығын да соғұрлым үлкен.
- Құралды түсіну: мазмұны түсініксіз нәрсеге инвестиция салмау.
- Ақпаратты эмоциядан ажырату: қаржыда хайп — нашар кеңесші.
«Трендті «көпіршіктен» ажырату үшін мен өзіме үш сұрақ қоямын: хайптың артында нақты негіз бар ма? Барлығы кеткен жағдайда кім ұтады? «Бәрі сатып алып жатыр» деген сөзсіз өз шешімімді түсіндіре аламын ба?» – дейді өз көзқарасымен бөліскен Ольга Эм.
Ақжүніс Брасилова өз кезегінде қор нарығындағы нағыз тренд ұзақмерзімді факторларға сүйенетінін және ол туралы әлеуметтік желілерде айтылмай қалғанның өзінде де жалғаса беретінін атап өтті. Алайда бірін екіншісінен ажырату үшін жағдайды айқын түсіну қажет.
Надия Бөкейханова FOMO-мен күрес нарық туралы білімді ғана емес, сонымен қатар эмоцияларды реттеу дағдыларын да қажет ететінін атап өтті.
«Маңыздысы — тоқтай білу, өз шекараңызды сезіну, мазасыздықты ажырата алу. Шешімдеріңізді қорқыныш емес, саналы ой айқындауы тиіс», – деп қорытындылады психолог.
Осылайша, ақпараттық ағынның жылдам өзгеретін жағдайында FOMO-дан қорғанудың жалғыз жолы — бұл салқынқанды есеп, сыни ойлау және жұрт жаңа «алтын кеніне» ұмтылған сәтте кідіріс жасай білу қабілеті.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз