«Бикеш» бағдарламасы, «Сырласу» кездесулері және Qoldau-Bereke қоры — жай ғана бастамалар емес, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған нақты инфрақұрылым. Аймақтардағы әйелдерге сенім білдіріп, үміт артып отырған «Арнұр Кредит» ұйымы туралы — Басқарма Төрайымы Раушан Құрбанәлиевамен болған сұхбатта.
Кәсіпкерліктегі, әсіресе Қазақстанның ауылдық аймақтарындағы әйелдерді қолдау туралы сөз болғанда, «Арнұр Кредит» микроқаржы ұйымы әрдайым алдыңғы қатардан табылады. Негізі қаланған сәттен бастап компания коммерциялық тиімділікті әлеуметтік миссиямен үйлестіре отырып, инклюзивті өсу және тұрақты даму идеяларын ілгерілетіп келеді. 26 000-нан астам клиенті және 60 миллиард теңгеден асатын кредит портфелі бар «Арнұр Кредит» ұйымы өзін әсіресе банк қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі аймақтарда серпінді әрі жауапты қаржылық серіктес ретінде танытып отыр.
Компаниядағы басым бағыттардың бірі — әйелдер кәсіпкерлігін жан-жақты қолдау. Бұл әсіресе әйелдер қосымша кедергілерге ұшырайтын ауылдық жерлер үшін өзекті. Мұнда тек қаржылай көмек қана емес, жан-жақты білім беру қолдауы, тәлімгерлік және көшбасшылық әлеуетті дамыту да маңызды. Осының бәрі және көптеген басқа да мәселелер туралы біз ұйымды басқарып қана қоймай, инклюзивті қаржы саласында күн тәртібін қалыптастырып жүрген көшбасшы-әйел — «Арнұр Кредит» ұйымының Басқарма Төрайымы Раушан Құрбанәлиевамен сұхбаттастық.
— Раушан ханым, сіздер Еуропа қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚДБ) бірлесе жүзеге асырып жатқан «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы қандай мүмкіндіктер беретінін айтып өтсеңіз.
— Бұл бағдарлама — әйелдерді қолдау стратегиямыздың аса маңызды элементі. ЕҚҚДБ-мен серіктестігіміздің арқасында біз кәсіпкер әйелдерге микрокредит беріп қана қоймай, олардың білімге, кеңесшілерге, нарықтарға қол жеткізуіне көмектесеміз. Бағдарлама қаржылай қолдауды қамтиды, бірақ міндетті түрде бизнесті қалай жүргізу керектігі, ауқымын қалай кеңейтуге болатыны, салықпен, сатып алулармен, цифрлық құралдармен қалай жұмыс істеуге болатыны туралы оқыту модульдерімен қатар жүреді. Біз бұл бағдарламалардан кейін әйелдердің кәсіпкер ретінде ғана емес, жеке тұлға ретінде де өсетінін көріп отырмыз. Бұл шабыттандырады.
Соның жарқын мысалдарының бірі — Түлкібас ауданында ауылдық жерде тұратын бес балалы ана бағдарламамыздың қолдауымен балабақша ашты. Бастапқыда оның ғимарат жалдайтын қаражаты да жоқ еді, бірақ өзінің табандылығы мен біздің қолдауымыздың арқасында бүгінде мекемесі толыққанды жұмыс істеп тұр және жергілікті тұрғындардың арасында сенім мен құрметке ие.
Тағы бір мысал — Жетісай ауданынан келген қатысушы. Ол «Сырласу» семинарынан кейін бөдене өсірумен айналыса бастады. Семинарда өзінің қаржы сауатын арттырып, цифрлық құралдардың, соның ішінде жасанды интеллекттің негіздерін меңгерді. Біздің көмегімізбен өз логотибін жасап, маркетинг жөнінде ұсынымдар алып нарыққа сәтті қадам басты.
«Сырласу» семинарына қатысудың арқасында көптеген қыз-келіншектердің өз-өздеріне сенімділігі артып қана қоймай, өз кәсіптерін ашып, табысты болып, өмірлерін өзгерте алды.
— Сіздердің тағы бір бастамаларыңыз — «БИКЕШ» бағдарламасы да көпшілікке жақсы таныс. Оның мазмұнына не кіреді және ол әсіресе ауыл шаруашылығында әйелдерге қалай көмектеседі?
— «БИКЕШ» — біздің ЕҚҚДБ-мен бірлесе жүзеге асырып жатқан авторлық бағдарламамыз. Бұл — ауылдық жерлердегі әйелдерге арналған қаржылық емес қызмет түрлерін біріктіретін бастама. Біз бұл бағдарламаны шынайы достық қарым-қатынасқа негізделген, тиімді оқытуға деген қажеттілікке жауап ретінде іске қостық.
Бағдарламаға «Сырласу» форматындағы кездесулер кіреді, мұнда әйелдер бейресми жағдайда бас қосып, бірге білім алады. Бұл кездесулерде біз салық мәселелері, құжат жүргізу, маркетинг, Instagram арқылы сату, жасанды интеллект негіздері, сонымен қатар, күйзеліспен қалай күресу керектігі туралы тақырыптарды қозғаймыз. Бұл — өте тиімді әрі жанға жайлы бағдарлама, біз оның жоғары сенімге ие болғанын мақтан тұтамыз.
Мысалы, Сарыағаш ауданында «Сырласу» семинарына қатысқан әйелдердің бірі күйеуімен бірге жылыжай шаруашылығын жүргізетін, тренингке қатысқаннан кейін өз Instagram-ын белсенді дамыта бастады. Бұл оның сатылымды арттырып, жазылушылар аудиториясын кеңейтуіне және әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдай бастауына мүмкіндік берді. Оның үстіне, онлайн-жарнаманың арқасында көлік шығындары да азайды, енді сатып алушылар өнімді өздері келіп алып кетеді. Бұл — бағдарламаның нақты және елеулі нәтижелерінің жарқын мысалдарының бірі.
— Бизнестегі әйелдердің жиі кездесетін қиындықтары қандай? Және сіздердің ұйымдарыңыз бұл қиындықтарды еңсеруге қалай көмектеседі?
— Бірнеше қиындық бар. Біріншіден, қаржыға қол жеткізу. Аймақтардағы әйелдер көбінесе сенімсіздікке тап болады, олардан бизнес жоспарын да сұрамастан, бірден қабылдамай тастауы мүмкін. Біз, керісінше, әлеуетіне қараймыз. Екіншіден, білімнің жетіспеуі. Сол себепті де біз оқыту бағдарламаларының топтамасын жасап шығардық. Және, әрине, үшінші мәселе — қолдаудың болмауы, соның ішінде отбасында қолдаудың болмауы. Біз әйелдер өздерін жалғыз сезінбейтін орта қалыптастыруға тырысамыз. Бұл маңызды.
Бізде базарда киім сататын бутигі ғана болған әйел тренингімізден өтіп, өз ауылында фитнес залын ашуға бел буған жағдайлар да бар. Сүйікті ісін де бизнеске айналдырып, тұрақты табыс табуға болатыны ол үшін нағыз жаңалық болды.
— Сіз «Сырласу» кездесулері жайлы айтып өттіңіз. Олар қалай өтеді және әйелдер бизнесін дамытуда қандай рөл атқарады?
— Бұл — жай ғана тренингтер емес, қызығушылықтар бойынша клубтар десе болады. Біз оларды көзбе-көз кездесу форматында — коворкингтерде, аудан орталықтарында, кейде тікелей біздің бөлімшелерімізде өткіземіз. Онда әйелдер өз оқиғаларын бөлісіп, кері байланыс алады, серіктестер табады. Бұл — кез келген сұрақты қойып, оған анық жауап алуға болатын формат. Біз оларды қаржы сауатына, уақытты басқаруға, командада жұмыс істеуге үйретеміз. Мұндай тәжірибе алмасу — баға жетпес құндылық.
Көптеген идеялар дәл осындай кездесулерде туындайды. Мысалы, «Сырласу» семинарында танысқан екі әйелдің оқиғасы. Олардың біреуі қолмен кесте тігетін, екіншісі оған кесте тігетін машина қолдануды ұсынды. Бірлескен жоба нәтижесінде өндіріс бірнеше есе жылдамдады.
— Ал енді соңғы сұрақ: Qoldau-Bereke қоры туралы айтып берсеңіз. Ол әйелдерге нақты өмірде қалай көмектеседі?
— Бұл — біздің келесі қадамымыз. Qoldau-Bereke қоры ұзақ мерзімді қолдау платформасы ретінде құрылды. Ол жеңілдетілген талаптармен микрокредит беруге қаражат тартып, оқыту жобаларын іске қосады, қиын жағдайға тап болғандарға қолдау көрсетеді. Біз 100-ден астам оқыту семинарын өткіздік, оған 500-ден аса кәсіпкер әйел қатысты.
Сонымен қатар, «Сырласу» семинарларында белсенділік пен бастамашылық танытқан 12 әйелге қолдау көрсетілді. Qoldau-Bereke қоры арқылы микрокредиттің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылып, бұл олардың бизнесін тиімдірек дамытуына мүмкіндік берді. Бұл жобаға қатысу және өсу үшін қосымша ынталандыру болды.
«Сырласу» семинарына қатысу білім алу мүмкіндігін беріп қана қоймай, тұрақты кәсіпкерлікке бастайтын нақты қадамға айналған ауылдық жерлердегі әйелдерге қолдау көрсетілді.
Бастапқыда қолдау алған әйелдердің арамызға тәлімгер ретінде оралып жатқанын көріп отырмыз. Міне, тұрақты даму дегеніміз — осы. Мен өзім де үш баланың анасы ретінде бизнес жолында осындай серіктестің болғаны қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Сондықтан да біз үшін әр жоба — жай ғана есеп беру емес, адамдардың басынан өткен шынайы оқиға, оған біз ықыласпен және құрметпен көңіл бөлеміз.
Сұхбатта баяндалған әр оқиға — өз ісін бастау туралы бір рет болса да ойланып көрген әйелдердің өзіне ыңғайлап, өлшеп көруіне тұрарлық шабыттандыратын тәжірибе. Ал қолдауды қайдан іздеу керегін енді білесіздер. «Арнұр Кредит» тарихы — әсіресе артында әйел тұрғанда, бизнестің тағдырды өзгерте алатынының айқын мысалы.












Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз