Жазда қазақстандықтардың көбі қала сыртына демалуға бет бұрады: тауға, көлге, саяжайға немесе жай ғана қаладан тыс жерге сапар шегеді. Бұл маусым тек туризм үшін емес, сонымен қатар тұтынушылық белсенділік үшін де қызған шақ – әсіресе жиналмалы жиһаз, мангал, кемпингке арналған тауарлар мен белсенді демалысқа қажет жабдықтар санатында сұраныс артады. Бірі жабдықты сатып алса, енді бірі оны бірнеше күнге жалға алуды жөн көреді.
OLX.kz аналитикалық қызметі қолданушылардың сұранысын зерттеп, қай тауарлардың көбірек сұранысқа ие екенін және бұл ерекшеліктердің өңірлерге қарай қалай өзгеретінін анықтады. Сонымен қатар, қала сыртында демалыс өткізуге шешім қабылдаған 2-4 адамнан тұратын топ үшін базалық жиынтықтың (палатка, мангал, жиналмалы үстел мен орындықтар, кемпинг шамы) сатып алу мен жалға алу бағасын да салыстырып көрдік.
Алматы және Алматы облысы
Алматы мен Алматы облысында көш бастап тұрған – палаткалар: сатып алу және жалға алу бойынша 1200-ден астам сұраныс тіркелген. Сатып алу бағасы 17 000 теңгеден басталса, жалға алу құны – тәулігіне 15 000 теңгеден. Сондай-ақ жиналмалы үстелдер де кең сұранысқа ие – оларды кемпингке де, жайлы пикниктерге де пайдаланады. Үстелді орта есеппен 15 000 теңгеден сатып алуға болады, ал жалға алу жиі демалыс күндері немесе корпоративтік іс-шаралар үшін қолданылады. Мангал – маусымның тағы бір көшбасшысы. Орташа бағасы 20 000 теңге, бірақ функционалды үлгілері 165 000 теңгеге дейін жетеді. Сұранысқа ие заттардың қатарында жиналмалы орындықтар да бар, олардың бағасы бір данасы үшін 1 500 теңгеден басталады. Осындай базалық жиынтықты сатып алу 58 000 теңгеден басталса, дәл сол жиынтықты жалға алу 20 000 теңгеден басталады – яғни сатып алудан шамамен үш есе арзан.
Астана және Ақмола облысы
Бұл өңірде де ұқсас тауарларға сұраныс байқалады. Алайда тұтынушылардың мінез-құлқы өзгеше – жалға алуға қызығушылық әлдеқайда жоғары. Адамдар көлемді заттарды сатып алуға асықпайды. Оның орнына мангал, үстел, палатканы жалға алғанды жөн көреді. Қалалықтар үшін ыңғайлылық пен жылдамдық басты басымдыққа айналған.
Палаткалар бірінші орында: сатып алу бойынша – 951, жалға алу бойынша – 927 сұраныс. Сатып алу бағасы 20 000 теңгеден 149 990 теңгеге дейін, жалға алу – тәулігіне 5 000 теңгеден басталады. Ең танымал тауарлардың қатарында мангал да бар (сатып алуға – 913, жалға алуға – 300 сұраныс), бағасы 15 000 теңгеден басталады. Сондай-ақ үрмелі матрастар – бұл өңірде оларды жалға алғаннан гөрі сатып алғанды жөн көреді. Орташа бағасы 6 000–9 900 теңге аралығында. Үстелдерге де сұраныс жоғары: бағасы 6 000–110 000 теңге аралығында, ал жалға алу саны сатып алуға қарағанда екі есе көп, жалға алу бағасы – 5 000 теңгеден. Термоконтейнерді 1 500–5 500 теңге аралығында сатып алуға болады. Палатка, үстел мен орындықтар, мангал мен шамнан тұратын жиынтықты сатып алу 55 500 теңгеден басталса, дәл осы жабдықты жалға алу 15 000 теңгеден басталады – бұл шамамен 70% үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысы
Жазғы маусымның басты тауарлары – мангалдар мен палаткалар. Бұл өңірде тұтынушылар көбіне сатып алуды жөн көреді. Мангалды 10 000–150 000 теңге аралығында сатып алуға болады, ал жалға алу тым сирек кездеседі (бар болғаны 34 сұраныс). Палатканың бағасы – 20 000 теңгеден басталады, жалға алу – тәулігіне 10 000 теңгеден. Кемпинг шамдары да танымал бола бастады. Орташа бағасы – 3 500 теңге, және жиі базалық жинаққа қосымша ретінде сатып алынады. Үстелдерге жалға алу сұранысы (70 жауап) болғанымен, орындықтар мен матрастар көбіне тек сатып алынады. Палатка, үстел мен орындықтар, мангал мен шамнан тұратын жиынтықты сатып алу 82 500 теңгеден басталса, жалға алу құны – 30 000 теңге.
Шығыс Қазақстан облысы
Өңір әртүрлі санаттарға теңгерімді қызығушылық танытып отыр. Мұнда да палаткалар мен мангалдар алдыңғы орында, бірақ ұзақ сапарларға арналған керек-жарақтарға сұраныс артып келеді. Үрмелі матрастар (5 500 теңгеден), термоконтейнерлер (3 750 теңгеден), кемпинг шамдары (3 000 теңгеден) – бәрі тез өтіп жатыр. Мангал – 13 000 теңгеден, үстел – 5 000 теңгеден басталады. Бұл – базалық жабдықпен қатар, көпкүндік демалысты ыңғайлы етуге арналған тауарларға сұраныс жоғары өңірлердің бірі. Төрт адамға арналған демалысқа, оның ішінде термоконтейнерді қоса алғанда, қажетті жабдықтарды сатып алу құны – 36 750 теңге, ал жалға алу – 22 250 теңгеден басталады. Мұндай жағдайда сатып алу тиімдірек болып шығады.
Қала сыртында үнемді демалуға арналған шағын нұсқаулық
Қала сыртындағы жазғы демалыс міндетті түрде қымбат бола бермейді. Егер ақылмен қарасаңыз, кейбір заттарды жалға алып немесе қолжетімді бағамен сатып алсаңыз – жабдықтың ыңғайлы әрі функционалды жиынтығын тиімді бағаға жинауға болады.
Міне, бюджетті оңтайландыратын кеңестер:
- Кемпинг шамының орнына басқа тағатын фонарь алыңыз – одан да арзанға түседі.
- Жиналмалы үстел мен орындықтың орнына көрпе, төсеніш және кәдімгі табуретканы қолдануға болады.
- Достарыңызбен жиналыңыз – шығындар бөлінеді, бір мангал немесе үстел бәріне жетеді.
- Кілем орнына көрпе, мультитул орнына кәдімгі пышақ, ыдыстың орнына банкалар – шығармашылық көзқарас артық шығыннан құтқарады.
- Тамақты үйден алып шығыңыз – дүкеннен қымбат жартылай фабрикаттар немесе пикник жиынтықтарына артық ақша жұмсамаңыз.













Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз