---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2025/05/05/astanada-batyrlar%d2%93a-ta%d2%93zym-portalyny%d2%a3-tanystyrylymy-men-%d2%9bolzhazbalar-k%d3%a9rmesi-%d3%a9tti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Астанада «Батырларға тағзым» порталының таныстырылымы мен қолжазбалар көрмесі өтті

![Астанада «Батырларға тағзым» порталының таныстырылымы мен қолжазбалар көрмесі өтті](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2025/05/b50685e5a0f8dca2abad22e2e36c0070_1280x720.jpeg)

**Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде қазақстандық майдангерлер туралы мәліметтерді қамтитын «Батырларға тағзым» порталының таныстырылымы және құжаттық көрме өтті.**

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі іске қосқан «Батырларға тағзым» ([https://batyrlarga-tagzym.kz](https://batyrlarga-tagzym.kz/)) сайтында қазірдің өзінде 678 331 ардагер, оның ішінде 365 Кеңес одағының батыры, 4 екі мәрте Кеңес одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері және басқа да ержүрек жауынгерлер туралы кең көлемді мәліметтер базасы мен галереясы бар.

Порталға күн сайын 100-ден аса өтінім келіп түсуде. Соңғы 2 күндегі есеп бойынша, веб-порталға ардагерлердің тізімін енгізу бойынша Астана,  Алматы қалалары, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Атырау облыстарынан өтінімдер белсенді түскен.

Интерфейс қажетті ақпаратты табуға ғана емес, сонымен қатар өз ардагер туыстары туралы деректерді қосуға, жаңалықтармен танысуға мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, порталға жіберілген мәліметтер архив мамандарының арнайы бақылауынан соң қолданысқа енеді.

Бірегей жобаға бірнеше елден де қызығушылық артып, ұсыныстар түсуде. Атап айтсақ, Ресей, Әзербайжан, Белорусь, Молдова, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Украинадан 80-ге жуық өтінім келді.

Іс-шара аясында «Батырларға тағзым» сайтындағы ардагерлердің, сондай-ақ  Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің  қорынан алынған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Кәри  Абитов, Тәңірберген Қалиханов, Хамит Ерғалиев, Мәлік Ғабдуллин, Ермекқали Серікбаевтың жеке құжаттары мен майданнан жазған хаттары, жалпы 150-ге жуық құнды дерек жұртшылық назарына ұсынылды.

Іс-шараға ҰОС ардагерлерінің ұрпақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.

**ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі**

---

Жарияланды: 2025-05-05T14:43:11+06:00

Жаңартылды: 2025-05-05T14:43:11+06:00

Авторлар: [ИА Qazaqpress](https://qazaqpress.kz/author/ia-qazaqpress/)

Айдарлар: [Категориясыз](https://qazaqpress.kz/category/kategoriyasyz/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2025/05/05/astanada-batyrlar%d2%93a-ta%d2%93zym-portalyny%d2%a3-tanystyrylymy-men-%d2%9bolzhazbalar-k%d3%a9rmesi-%d3%a9tti/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.