Астанада ITMLab әлеуметтік жобасының финалдық кезеңі өтті. Қатысушылар мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған өз әзірлемелерін сарапшылар мен әлеуетті инвесторларға таныстырды. Олар – оңалтуға арналған техникалық құралдардың прототиптері мен қолжетімді әрі инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған түрлі технологиялар.
Бұған дейін ITMLab жобасы аясында Астана және Алматы қалаларында хакатондар өтіп, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ең өзекті стартаптар іріктелген болатын. Финалда 18 команда өз жобаларын ұсынды – олар 2,5 ай бойы кәсіби менторлардың қолдауымен идеяларын дамытып, пысықтады. Қазылар алқасы үздік деп танылған 6 команданы таңдап, олардың прототиптерін жүзеге асыру үшін 1 000 000 теңге көлемінде грант бөлді.
Бүгін, 19 ақпанда, финалдық кезеңде сарапшылар мен әлеуетті инвесторларға дайын прототиптер таныстырылды. Әр жоба терең зерттеулер барысында анықталған нақты қажеттіліктер мен жағдайларға негізделген. Бұл шешімдер технологиялардың қолжетімділігін арттыруға, коммуникацияны жақсартуға және инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған.
-
Shaka – көру қабілеті бұзылған адамдарға кеңістікте бағдарлануға көмектесетін сенсорлы кулон мен вибромоторлы білезік.
-
Fenix Recovery – арнайы орталықтарда да, үй жағдайында да қолдануға болатын экзоскелет пен ықшамдалған реабилитациялық жаттықтырғыш.
-
Bulan – мүгедектер арбасына арналған оңтайландырылған электронды құрылғы.
-
РиМы – Брайль дисплейі.
-
«Жан» ҚҚ – ақ таяқшаларға арналған тозуға төзімді ұштықтар өндірісі.
-
Procrastinators – ым тілін мәтінге және керісінше нақты уақыт режимінде аударатын қосымша
«Бұл жобалар бірнеше ай бойы әзірленіп, талай сынақ пен жетілдіру кезеңдерінен өтті. Бұл – әлемді өзгертуге болатынының дәлелі. Біз ITMLab инклюзивтілікті дамытуға серпін береді деп сенеміз. Жоба әрі қарай дамып, елімізде инклюзияны ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамаларға жол ашады деп үміттенемін», – деп атап өтті «ITeachMe» қоғамдық қорының директоры Захира Бегалиева.
ITMLab жобасының жүзеге асырылуы бас серіктес – «Шеврон» компаниясының қолдауымен мүмкін болды. Компания қолжетімді инклюзивті ортаны дамытуға және инновациялық шешімдерге жағдай жасауға айтарлықтай үлес қосты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобаға сараптамалық қолдау мен кеңес беріп, оның сәтті іске асуына маңызды негіз қалады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өз құттықтау сөзінде бұл әлеуметтік жобаның мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті:
«ITMLab жобасының финалдық кезеңінде цифрлық технологияларды оңалтуға арналған техникалық құралдарды әзірлеуге енгізу бойынша бастамалар ұсынылды. Бүгін біз жастардың осы үдерісте белсенді қатысып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Бұл – мүгедектігі бар адамдарға көмектесуге, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялар», – деді министр.
Іс-шара қорытындысы бойынша қызығушылық танытқан инвесторлар мен бизнес өкілдері ең перспективалы командаларға серіктестік, менторлық қолдау және кәсіби тәжірибе алмасу мүмкіндігін ұсынды.
-
Dosortopedia – Bulan командасына менторлық қолдау көрсетті.
-
Fenix Recovery – YasDi Education тарапынан 250 000 теңге сомасына оқу курсына ие болды.
-
Procrastinators – YasDi Education тарапынан 250 000 теңге сомасына оқу курсына ие болды.
-
Сейфуллина А. О. (ҚазАТУ) – «Жан» ҚҚ командасына 3 трекшн-сессия өткізді.
-
Халықмейрамұлы Марғұлан (Well Done негізін қалаушы) – Procrastinators командасына маркетингтік шығындарын қаржыландыру және менторлық қолдау көрсетті.
-
Астана медицина университеті – РиМы командасына ынталандыру сыйлығын (сыйлық конверті) табыстады.
-
Астана медицина университеті – Fenix Recovery командасына ынталандыру сыйлығын (сыйлық конверті) және жобаны жүзеге асыруға көмек көрсетті.
-
BGlobal Ventures – РиМы командасына «Стартаптар үшін венчурлық қаржыландыру» курсын ұсынды.
-
BGlobal Ventures – Shaka командасына «Стартаптар үшін венчурлық қаржыландыру» курсын ұсынды.
-
FabLab зертханасы (Astana IT University) – Shaka командасына менторлық қолдау және прототипті әзірлеуге көмек көрсетті.
-
Lerna – Shaka командасына 600 000 теңге сомасына бағдарламалау курсын ұсынды.
Мұндай формат қатысушыларға өз идеяларын таныстырумен қатар, оларды одан әрі дамыту үшін құнды ұсыныстар мен қолдау алуға мүмкіндік берді.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз