Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Қаныш Төлеушин некедегі әйелін өлтіргені үшін сотталған экс-министрі Қуандық Бишімбаевпен бизнес серіктестігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqpress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келген адаммын. Сондықтан түрлі жобаларға инвестиция салдым. Оның ішінде сіз айтып тұрған жоба да бар. Қазір ол жобада құрылтайшы емеспін. Қуандық Бишімбаевпен қарым-қатынас туралы айтсам, ешқандай байланысым жоқ. Біз бәріміз «Болашақ» бағдарламасының түлектері ретінде жобаларымыз туралы мәліметті өзара бөлісіп, ұдайы кездесіп отырамыз. Сондықтан осы бағдарлама түлектері ретінде араласамыз. Бізді байланыстыратын жалғыз осы жоба шығар. Сондықтан, тағы да қайталап айтам, ол нысанда қазір құрылтайшы емеспін», — деді вице-министр Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
«Ол нысандағы құрылтайшылғыңызды кісі өлімі болғаннан кейін жойдыңыз ба?» — деп сұрады журналист.
Қаныш Төлеушин бұл одан бұрын жоспарланған қадам еді дегенді айтты.
«Мен мемлекеттік қызметке ауысуды жоспарлап жүргендіктен активтерімнің көбін отбасымыз болып саттық. Сондықтан құрылтайшылықтан шығу мәселесі оның алдында жоспарланған», — деді ол.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз