Алматы облысында 2025 жылы 38 ауыл әкімінің сайлауы өтеді, деп хабарлайды Qazaqpress.
Бұл туралы Kazinform тілшісіне жауап жіберген жауабында Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
Әкімдік жауабына сәйкес, Алматы облысы бойынша 2 қала, 9 аудан бар және 2025 жылы өкілеттік мерзімі аяқталатын қала, аудан әкімдерінің болмауына байланысты келесі жылы сайлау жоспарланбаған.
Дегенмен, алдағы жылы облыс аумағында біршама ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу көзделген.
— 2025 жылы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Алматы облысына қарасты 38 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңының талаптарына сәйкес өтеді, — деді облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Зәуре Құсайынова.
Ауылдық округ әкімдерін сайлау науқанына жұмсалатын қаражат әлі нақтыланбаған. Аумақтық сайлау комиссиясы өкілеттігіне байланысты сайлау науқанын өткізуге арналған бюджеттік өтінімдерді жылдың аяғында ұсынады.
Айта кеткен жөн, алдағы жексенбі, яғни 17 қараша күні Іле ауданының Байсерке ауылдық округі әкімінің сайлауы және Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауы өтеді.
Фото: zhaikpress.kz
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз