«ESBOL QORY» қоры OLX.KZ сервисіндегі жасырын есірткі жарнамаларын анықтау мақсатында жүргізілген мониторинг нәтижелерін жариялады. Ынтымақтастық аясында тараптар пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттырып, платформаны заңсыз мақсатта қолданудың алдын алу үшін күш біріктірді.
Мониторинг барысында 2024 жылдың 1 шілдесінен 25 қыркүйегіне дейін OLX.KZ сервисінің «Жұмыс» категориясындағы 59 529 хабарландыру есірткі заттарының жасырын жарнамасы тұрғысынан тексерілді. Мониторинг нәтижесінде тек бір ғана заңсыз жарнама анықталып, расталды. Бұл хабарландыру OLX.KZ сервисінің ережелеріне сәйкес дереу бұғатталды.
«OLX Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың айқын нәтижелер беріп жатқанына қуаныштымыз. Бірлесе отырып, қоғамымызды, әсіресе жастарды, есірткілердің зиянды әсерінен қорғау үшін барымызды салудамыз. Алынған нәтижелер біздің күш-жігеріміздің босқа кетпегенін көрсетеді. Дегенмен, наркожарнаманың таралуына қарсы күрес – бұл ұзақ мерзімді процесс, үздіксіз назар мен жұмыс әдістерімізді жетілдіруді талап етеді. Бұл маңызды істе белсенді қатысқаны үшін OLX Қазақстанға алғысымызды білдіреміз», – деді «ESBOL QORY» қорының төрағасы Жандос Ақтаев.
2004 жылы құрылған «ESBOL QORY» қоры Қазақстандағы есірткітәуелділіктің алдын алу саласындағы жетекші ұйымдардың бірі болып табылады. OLX Қазақстанмен ынтымақтастық осы бағыттағы маңызды қадам бола отырып, екі ұйымның да интернет-платформалар арқылы есірткі заттарының таралуын алдын алу және қауіпсіз онлайн-ортаны құруға деген ұмтылысын көрсетеді.
«Жасырын наркожарнама мәселесі қазіргі қоғамда ең өткір проблемалардың бірі болып табылады, және біз OLX Қазақстанда бұл мәселеден тыс қала алмаймыз. Сондықтан біз хабарландырулар мен аккаунттарды тексеруді айтарлықтай күшейттік, ал «Жұмыс» категориясындағы барлық хабарландырулар мен аккаунттар біздің модераторлар, контент және қауіпсіздік қызметкерлері тарапынан мұқият тексеруден өтеді», – деді OLX Қазақстанның контент және клиенттердің қауіпсіздігі бөлімінің жетекшісі Данара Жуасбекова. – «Жұмыс» категориясына ерекше назар аударылады, өйткені заңсыз әрекеттер көбінесе осы жерде бүркемеленеді. Сонымен қатар, біз дауыс модерациясын қолданамыз және ішкі процестерімізді үнемі жетілдіріп отырамыз».
Данара Жуасбекова сонымен қатар, қабылданған барлық шараларға қарамастан, жасырын жарнаманың пайда болу мүмкіндігін толықтай жою мүмкін еместігін, өйткені алаяқтар үнемі жаңа айла-амалдарды ойлап табатынын атап өтті. Дегенмен, компания мемлекеттік органдармен және басқа да мүдделі тараптармен белсенді ынтымақтастық жүргізіп, барлық пайдаланушылар үшін қауіпсіз ақпараттық кеңістік құруға бағытталған жалпы мақсатқа жетуге ұмтылуда. Жүргізілген мониторинг нәтижелері бұл мәселені шешуде жүйелі көзқарастың қажеттілігін растайды.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз