«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы Kazinform тілшісінің сауалхатына жауап бере отырып, «Алматы – Бішкек» автомобиль жолын кеңейту жұмыстары жоспарланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqpress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұлттық компания мәліметінше, «Алтын Орда» базары маңындағы көпір құрылысы аяқталып, кептеліс мәселесі шешілген.
«Алтын Орда базарының маңындағы жолдың ішкі (транзит) бөлігінде көлік қозғалысы бойынша кептеліс мәселесі жойылған. Ал сыртқы немесе екі жақ жол бөлігі базар маңында орналасқандықтан базарға кіріп-шығатын көлік санының көбеюі салдарынан кептеліс пайда болып отырады», — делінген компания жауабында.
«Алтын Орда» базары мен «Апорт» сауда орталығы маңында бірнеше шақырымға созылатын кептеліс кешкі уақытта байқалады.
«Республикалық маңызы бар «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының 19-27 шақырым аралығын (ҮАААЖ – Қаскелен) кеңейту жоспарда. Жоспар бойынша қозғалыс жолақтары санын алты-сегізге жеткізе отырып кеңейту, үш жерде әр деңгейдегі жол айрығы («таға» типті кері бұрылыс) және жол үсті жаяу жүргіншілер өткелдері қарастырылған»,- деп атап өтті ҚазАвтоЖол өкілдері.
Қазір жобалық-іздестіру жұмыстарына конкурус жарияланды. Жобаны іске асыру 2025-2027 жылдары көзделген.
«Сонымен қатар, үстіміздегі жылы аталған жол бөлігіне тағы бір әр деңгейдегі жол айрығы («таға» типті кері бұрылыс) нысанының құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға дайындық жүргізіліп жатыр»,- деп түсіндірді компаниядан.
Осыған дейін «Алтын орда» базары маңындағы «Алматы-Райымбек» учаскесінде жаңа бас магистральдық эстакада пайдалануға берілген болатын.
Фото: Nur.kz
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз