Қазақстан әлемдегі ең ірі уран қорына ие бола отырып, соңғы онжылдықтар ішінде өзінің ядролық энергетикасын белсенді дамытып келеді.
Атом электр станцияларын салу жөніндегі жоспарларға байланысты мұндай объектілерде жұмыстың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ете алатын білікті мамандарды даярлау мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Атом электр станциясының құрылысы әр сала үшін жаңа жұмыс орындары мен кадр резервін құруға елеулі ынталандыру болатындығы анық. Нысанды салу барысында инженерия, құрылыс, энергетика және ядролық физика сияқты әртүрлі салалардағы көптеген мамандар қажет болады. Бұл құрылыс кезеңінде де, одан әрі атом электр станцияларын пайдалану және қызмет көрсету үшін де кадрлар даярлауға сұраныс тудырады. Атом саласы жоғары білікті кадрларды қажет ететіндіктен, елімізде мұндай мамандарды қайда және қалай дайындайтыны туралы ақпарат әлі де шектеулі. Алайда, бүгінде атом энергетикасы үшін кадрларды даярлау жүйесі қалыптасқанын айтуға болады.
Қазір сарапшылар мен халықты толғандыратын басты мәселелердің бірі болашақ атом электр станциялары үшін кадрлық әлеуеттің жеткіліктілігі болып табылады. Қазақстандағы атом саласына арналған білім беру бағдарламалары ядролық физика, атом энергетикасы, реакторларға арналған материалдар, атом қондырғыларын басқару және радиациялық қауіпсіздікті қоса алғанда, кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Мұндай бағдарламалар бойынша оқитын студенттер саны біртіндеп артып келеді. Мәселен, жыл сайын 5000 мемлекеттік гранттар бөлінуде, оның сағы жыл сайын артуда.
Қазіргі уақытта атом саласы үшін мамандар даярлауды жүзеге асыратын Қазақстанда бірнеше жетекші оқу орындары бар, солардың бірі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті болып табылады. Мұнда «6В05303 – Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасы қалай іске асырылуда? Бұнда ядролық технологиялар саласында терең білімі бар жоғары білікті мамандарды даярлайды, онда Томск политехникалық университетінен (Ресей), Алтай мемлекеттік университетінен (Ресей), Пусан университетінен (Корея) және Сакария университетінен (Түркия) келген ғалымдар ядролық және атомдық энергетика саласында дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізіп қоймай, ғылыми жобаларда да өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісуде. Студенттер мен магистранттардың ТМД елдерінің жас ғалымдары мен мамандарының Ресей Федерациясының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында тағылымдамадан өту бағдарламасына қатысу мүмкіндігі бар. Ядролық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау және білім беру бойынша starnet халықаралық желісінің қызметін қолданады. Сонымен қатар, білім алушылар ядролық физика бойынша бірлескен ғылыми жұмыстары Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта, Алматы қаласындағы ядролық физика институтында және Новосибирск ядролық физика институтымен және Томск политехникалық университетімен жүргізіледі, бұл бағдарламаның дайындығы мен халықаралық танылу деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Бұл дегеніміз, ЖООда даярлданып жатқан болашақ мамандар тек теориялық білім алып қана қоймай, практикалық дағдыларды да меңгереді. Халықаралық университеттер мен зерттеу орталықтарымен бірлескен жобалар арқылы студенттер әлемдік деңгейдегі тәжірибеге қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде, атом энергетикасының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шетелдік ғалымдардың қатысуымен өткізілетін дәрістер мен шеберлік сабақтары студенттерге қазіргі заманғы ядролық физика және атом энергетикасы саласындағы ең жаңа жетістіктер мен технологияларды үйренуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ғылыми тағылымдамалар мен халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары студенттерге өз білімдерін нақты өндірістік жағдайларда қолдануға, сондай-ақ жетекші шетелдік ядролық зерттеу орталықтарында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ресейдің Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында тағылымдамадан өту мүмкіндігі, сондай-ақ Starnet халықаралық желісінің ресурстарын пайдалану – бұл болашақ мамандар үшін баға жетпес тәжірибе болып табылады.
Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық, Алматыдағы Ядролық физика институты және Новосибирск пен Томск политехникалық университеттерімен жүргізілетін бірлескен зерттеулер білім беру сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді және бағдарламаның халықаралық танымалдығын арттырады. Бұл серіктестіктер, сондай-ақ ғылыми және практикалық дайындық, атом энергетикасы саласындағы қауіпсіздік стандарттарына сай келетін білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді.
Нәтижесінде, Қазақстанның атом саласы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етіліп, ядролық қауіпсіздік пен энергетикалық тиімділікті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл елдің энергетикалық тәуелсіздігі мен тұрақты дамуына зор үлес қосатын маңызды факторлардың бірі болып табылады.
АЭС-да жұмыс істеу үшін кадрлар даярлау — Қазақстанның ядролық энергетикасын табысты дамытудың негізгі элементі. Еліміздің жоғары оқу орындары болашақ мамандарға атом объектілерінде жұмыс істеу үшін қажетті терең білім мен дағдыларды беру үшін белсенді жұмыс істеуде. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық, шетелдегі тағылымдамалар және «Болашақ» сияқты бағдарламалар да Қазақстанда АЭС-ті қауіпсіз және тиімді пайдалануды қамтамасыз ете алатын жоғары деңгейдегі кәсіпқойларды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан кадрлар даярлау тұрғысынан атом энергетикасын дамытуға дайын деп айта аламыз. Заманауи білім беру бағдарламалары, халықаралық ынтымақтастық, ғылыми жобалар және практикалық дайындық жұмыстың қауіпсіздігі мен тиімділігіне кепілдік бере отырып, болашақ атом электр станцияларында табысты жұмыс істей алатын білікті мамандардың болуын қамтамасыз етеді.
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ, физика және технологиялар кафедрасының меңгерушісі, PhD Баймолданова Лазат Сарқытбекқызы
Фото: Nur.kz
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз