Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері 39 жастағы ер азаматқа ота жасап, оған жаңа өмір сыйлады. Жылдар бойы іш құрылысы ауырып, ас қорыту жүйесіндегі ақаулардан зардап шегіп келген науқас МӘМС пакеті шеңберінде жасалған отаның арқасында дертінен арылды.
Арухананың колопроктология бөлімшесі дәрігерлерінің көмегіне жүгінген пациент біресе үлкен дәреті қатып, біресе іші өтіп қиналатынын айтып шағымданған. Мамандар тыңғылықты клиника-диагностикалық шаралардан кейін оған тоқ ішек дивертикулы деген диагноз қойды.
Туабітті немесе жүре пайда болатын ауруда тоқ ішекте қалташалар пайда болып, салдарынан қабыну немесе дәреттің бұзылуы, іштің кеуіп, ісінуі сынды белгілер болады. Әлемдік статистикаға сүйенсек, ішек дивертикулы 40 жастан асқан адамдардың жартысына жуығында кездеседі. Дерт адамның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіреді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ұдайы басылмайтын ауырсыну сезімі мен дәреттің тұрақсыздығы салдарынан еңбек етуден қалған.
Аурухана дәрігерлері дивертикулдардың көптігі мен науқастың жағдайын ескере отырып жаппай колэктомия яғни, тоқ ішекті толығымен алып тастау туралы шешім қабылдады.
«Ота барысында тоқ ішектің орнына аш ішектен J-тәріздес резервуар жасалды. Ол астың дұрыс қорытылып, іш өтуді тоқтатады, – дейді №7 аурухананың колопроктология бөлімшесі меңгерушісі Марат Қаленбаев. – Резервуар пациенттің үлкен дәретті бақылауда ұстауына көмектеседі және ас қорыту жүйесі жұмысын қалпына келтіреді».
Қазір одан бері он күн өтіпті. Науқас денсаулығының едәуір жақсарып қалғанын айтады. Дәреті тұрақтанып, ағзаның ас қорыту қызметі толығымен қалпына келген. Қазір ол ауруханадан шығуға әзірленіп жатыр.
«Ішек дивертикулы – кешенді әдістер мен кәсіби біліктілікті қажет ететін ауру. Ота пациентті жанын жеген аурудан құтқарып қана қоймай, оның қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік берді. Біз МӘМС арқасында осындай операциялар жасап жүрміз, яғни көп адамдар қалтасынан қаражат шығармай-ақ емделіп жатыр, біз осыны мақтан тұтамыз», — дейді хирург- проктолог.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз