Халық қалаулылары Маңғыстаудағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, мұнай өнеркәсібінің қызметкерлері арасында АЭС құрылысына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Қоғамдық Коммуникация орталығы.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев ел экономикасының өзегіне айналған өндіріс үлесін ұлғайту үшін атом энергетикасын игерудің маңызы жайлы пікір білдірді.
— Бүгінде елімізде өндіріс ошақтары дамып, электр қуатымен жабдықтау желілеріне түсетін жүктеме шамадан тыс артуда. Республика бойынша энергетикалық тапшылық айқын білінуде. Статистикаға сүйенсек, 2022-2023 жылдар аралығында елімізде 115 млрд кВт/сағ энергия көзі жұмсалған, ал 112 млрд кВт/сағ өндірілген. 3 млрд кВт/ сағ энергия көзін біз Ресей мемлекетінен сатып аламыз. АЭС бұл қазіргі заман талабына сай құрылыс жобасы. Түркия елінде қазіргі уақытта озық үлгідегі АЭС құрылысы жүргізілуде,-дейді Сүйіндік Алдашев.
Сенат депутаттары атом электр станциясының құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, отын-энергетикалық қазба ресурстарына тәуелділікті азайтатынын айтты.
—Мемлекет елдің кемел болашағы үшін тың бастамаларға тыныс беруде. Халық игілігі үшін бастау алған жобаларды қолдау керек. Сондай-ақ, АЭС құрылысы болашақта халықты энергия қуатымен толық қамтамасыз етеді. АЭС салу энергия көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын», —дейді Қаламқас кен орынының қауіпсіздік және еңбек қорғау бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Ерқасымов.
Сондай-ақ, кездесу барысында атом энергетикасының мүмкіндігі, жаңа өндіріс орындарын дамыту перспективалары және лайықты еңбек жағдайын жасау жөнінде де кеңінен сөз қозғалды.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз